×
511.92
588.91
6.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.92
588.91
6.44

«Төрт баламен далада қалдым»: Қаңтаршының жесірі әкімдік алдына түнемек

«Төрт баламен далада қалдым»: Қаңтаршының жесірі әкімдік алдына түнемек
ulysmedia коллажы

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуі оққа ұшып, қаза болған Миясар Тілеумұратова Алматы әкімдігіне үш баласымен, үш сөмке киім-кешегін арқалап барды. Ол әкімдіктен пәтер беруді сұрады. Сөзінше, ақшасын төлей алмаған соң, жалдап отырған пәтерінен шығарып жіберген. «Барар жер, басар тауым қалмады» дейді ол.

«КҮЙЕУІМ ТІРІ КЕЗДЕ ҮКІМЕТТЕН ЕШНӘРСЕ СҰРАҒАН ЖОҚПЫН»

Миясар Тілеумұратова Алматының Наурызбай ауданында пәтер жалдап тұрған. Төрт баласының үлкені 14, кішісі 3 жаста. Күйеуі Талғат Қашыбеков оққа ұшқанда кенжесіне аяғы ауыр болған. Миясар осы уақытқа дейін Астанаға президент әкімшілігі мен бас прокуратураға көмек сұрап бірнеше рет барған. Соңғы рет барғанында ондағылар екі апта күту керектігін айтқан. Миясар Тілеумұратова екі апта күте алмаймын дейді. Талабы орындалмаса әкімдік алдында түнемек.

 Мен төрт баламен далада қалдым. Төрт баламен ешкім квартираға алмайды. Алған жағдайда да менің ақшам жоқ төлейтін. Мен төрт баланың тәрбиесіне қараймын ба, нанын тауып беремін бе, квартира төлеймін бе қайсына болайын мен. Мен шаршап кеттім. Денсаулығым да құрыды. Әкімдік маған баспана берсін. Менің күйеуімді өлтіріп отыр ғой, пәтер беруге міндетті. Жолдасым тірі кезінде мен әкімдіктен ешнәрсе сұраған жоқпын. Әкімдіктің есігінің қайда қарап тұрғанын білмейтін едім, – дейді ол.

Миясар Тілеумұратова күйеуі қаза болғаннан кейін әр баласына екі миллион теңгеден өтемақы алған. «Күйеуім қайтқан үш жылдың ішінде ол ақшаны пәтерақы мен балаларымның тамағына жұмсадым» дейді. Сөзінше, үй алуға мүмкіндігі болмаған.

«БАЛАЛАРЫМДЫ ТАСТАП КЕТЕ АЛМАЙМЫН»

Миясар ай сайын балаларына үкіметтен 160 мың теңге жәрдемақы алады. “Бірақ ол пәтерақы төлеуге де жетпейді. Пәтерақымды қарызданып-қауғаланып, үстіне ақша қосып төлеп келдім” дейді.

 Мына балам ішімде қалған соң мен үш жылға дейін жұмыс істей алмадым. Осы кезге дейін мен ешқандай жұмыс істей алмадым. Балаларым бәрі кішкентай...Үлкен балама тастап кетіп, жұмысқа шығып көрдім. Бірақ ол да бала ғой. Екі бөлме ғой, бір бөлмеде жатыр ұйықтап қалады. Мыналар қараусыз қалады. Есік ашық қалады. Бір күні жұмысқа кеттім мысалы, үлкен балам ұйықтап қалған. Мына үш бала жастықты өртеп жіберген. Оны білмейді де үлкен ұлым. Ол да бала ғой. Ешқайсысын тастап кете алмаймын. Осыдан кейін жұмысқа шықпайтын болдым. Аштан қалсам қалайын, төрт балам өртеніп өліп қалса мен не істеймін. Үкіметтің күйеуімді атып өлтіргені аз емес. Сол үшін мен тастап кете алмаймын ешқайда, – дейді Миясар.

АТЫЛҒАН ОҚ, ЖАБЫЛҒАН ІС

Миясар Тілеумұратова күйеуінің қазасына байланысты қозғалған істе жәбірленуші деп танылған. Бірақ сөзінше, іс жабылған. Не себепті жабылғанын білмеймін дейді.

Миясардың сөзінше, күйеуі Талғат Қашыбековті 2022 жылы 8 қаңтарда өзі тұратын көшеде дүкенге шыққан жерінде атып өлтірген. Талғат ешқандай митингке қатыспаған. Алаңға да бармаған. Миясар «күйеуімді әскерилер атып өлтірді» дейді.

 Cол уақытта біз Карьерная көшесінде тұратынбыз. Қолында қару ешнәрсе болмаған. Көліктен түсіп қашқан. Сол қашып бара жатқан кезде әскерилер атқан, – дейді ол.

Миясарды қолдап әкімдікке Қаңтарда жақындарынан айырылған өзге де адамдар келді. Олар да Астанаға, президент әкімшілігіне шағым айтып бірнеше рет барған. Бірақ ешқандай нәтиже болмаған. Олар да үкімет пен әкімдіктен пәтер беруді сұрады. Жиналғандардың кейбіріне жеке демеушілер көмектесіп, пәтер алып берген.

ЖАУАП БЕРУГЕ ДАЙЫН ЕМЕС ӘКІМДІК ӨКІЛІ

Миясар Тілеумұратова әкімдік алдына келген соң қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков шықты. Ол жиналғандарды кеңсегі кіріп сөйлесуге шақырды. Журналистерге пікір бермеді.

– Мына кісілермен сөйлесейін. Мен қазір сұраққа жауап беруге дайын емеспін, – деп қысқа қайырды.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматы қаласында мерт болған.

Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші «адам өлтіру» айыбымен емес, «қызметін асыра пайдалану» бабы бойынша жауапқа тартылды.

Серіктес жаңалықтары