×
517.45
598.59
6.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
517.45
598.59
6.58

Сот қаржы министрлігін сотқа берген қаңтаршының шағымын ішінара қанағаттандырды

Сот қаржы министрлігін сотқа берген қаңтаршының шағымын ішінара қанағаттандырды
ulysmedia коллажы

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы «президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады» деп айыпталып, 1 жыл 8 айға сотталған Қосай Маханбаевтың қаржы министрлігінің үстінен түсірген шағымын сот ішінара қанағаттандырды, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

СОТ ШЕШІМІ

18 маусымда өткен сот отырысында Қарағанды облысының Бұқар жырау аудандық соты Маханбаевтың қаржы министрлігінің үстінен түсірген шағымын ішінара қанағаттандырды. Оның министрлік үстінен шағым түсіруіне қамаудан дер кезінде босатылмауы себеп болған. Қорғау тарапының сөзінше, ол үкімде көрсетілген мерзімнен 2 ай 9 күн артық отырған. Маханбаевты бірінші сатыдағы сот 1 жыл 9 айға соттаған. Ал апелляциялық сот жазаны бір айға қысқартып, 1 жыл 8 ай жаза кескен. Бірақ апелляциялық сот үкімі күшіне енсе де, Маханбаев дер кезінде босатылмаған.

– Қосай Маханбаевтың есебіне қаржы министрлігінен моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге өндірілсін. Өзге талап-арыздарды қанағаттандырудан бас тартылсын, – деді істі қараған судья Қадірбаев сотта.

“АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ ТҮСІРЕМІЗ”

Маханбаевтың адвокаты Айнара Айдарханова шағым толыққанды қанағаттандырылмаса да сот шешімі үлкен жеңіс екенін айтты. Ол алдағы уақытта жоғары инстанцияға шағым түсірмек.

– Біз моральдық шығын ретінде бұдан да үлкен сомманы талап еткенбіз. Менің ойымша, қаржы министрлігі тарапынан да, біздің тарапымыздан да апелляциялық шағым түседі. Біз бұл сомманы көбейтуге шағымданамыз. Қалай болған жағдайда да біз қуаныштымыз. Бірінші инстанциядағы сот ішінара қанағаттандырса да, бұл біз үшін жеңіс. Себебі бұндай шағымдарды тек жоғары сотқа барып, қанағаттандырған оқиғаларды білеміз, – деді ол.

Қосай Маханбаев моральдық шығын ретінде қаржы министрлігінен 50 миллион теңге талап еткен.

ШАҒЫМҒА ҚАРСЫЛЫҚ

Бұған дейінгі сот отырысында қаржы министрлігі өкілі Маханбаевтың өтінішіне қарсылық білдірген. Ол Маханбаевқа өтемақы төлеуге заңдық негіз жоғын, оның сот үкімімен кінәлі деп танылғанын алға тартқан. Прокурор министрлік өкілін қолдаған.

АЗАПТАУ, СОТ ІСІ ЖӘНЕ САЙЛАУ

Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталған. Оны полиция ауруханада жатқан жерінен алып кеткен. Оған дүрбелең кезінде оқ тиген. 2022 жылы қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың азаптау бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқан.

2023 жылы Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген. Бірақ прокуратура шағым түсіріп, Алматының сайлау комиссиясы оны сайлаудан шеттеткен. Аумақтық сайлау комиссиясы бұны «тергеуге қысым жасаудан сақтану» деп түсіндірген. Сол кезде Маханбаев «президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады» деген айыппен істі болып жатқан.

Қосай Маханбаевтан өзге бұл іс бойынша 10 адам сотталған. Оларға Қаңтар оқиғасы кезінде  «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «ғимаратқа басып кірді», «билік өкіліне күш қолданды», «әскери қызметкерді кепілге алды» деген айыптар тағылған. Сотталушылардың барлығы тергеу изоляторында азапталғандарын айтқан.  

Серіктес жаңалықтары