Алматы облысындағы ауылдан шыққан қарапайым жігіт Мейрамбек Назарғожаев Дания Корольдік театрының өмірлік солисі мәртебесіне ие болған тұңғыш қазақ атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2018 жылдан бері ол Еуропадағы ең көне театрлардың бірі болып саналатын осы театрда әртіс ретінде жұмыс істеп келеді. Жаңа мәртебе оған мерзімі шектелмеген келісімшартты қамтамасыз етеді – бұл тіпті еуропалықтардың өзіне сирек бұйыратын мүмкіндік.
Еуропалық театрларда, әсіресе Дания Корольдік театры (Det Kongelige Teater) сияқты көне мекемелерде өмірлік солист (lifelong soloist) деген ұғым бар. Бұл — әртістің театр труппасының негізгі құрамына ресми түрде қабылданып, мерзімсіз келісімшартқа ие болатынын білдіреді. Ал көпшілік бишілерге мұндай келісімшарт жыл сайын немесе бірнеше жылға беріледі, әрі ұзартуға болады. Мұндай мәртебе еуропалықтардың өзі үшін сирек кездеседі, ал шетелдікке мүлде ерекше жағдай. Бұл — көп жылғы табанды еңбектің нәтижесі, әрі бұл — қазақ балетінің тарихындағы үлкен құрмет пен айтулы оқиға», — дейді блогер Иван Червинский.
Мейрамбек Назарғожаев Алматыдағы хореография училищесін тәмамдап, кейін Мәскеуде оқуын жалғастырған. Одан кейін шетелдік жетекші театрлардың сахналарын бағындыра бастады. Қазіргі таңда ол Данияда — әлемдегі ең көне әрі беделді театрлардың бірінде шеберлігін шыңдап, өнер көрсетіп жүр.