Петропавл қаласындағы мектептің акт залында түлектерге аттестат табыстау кезінде төбенің бір бөлігі опырылып түсті. Ғимарат ішінде шамамен 100 адам болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz @social_media_kz-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
18 маусым күні таңертең Петропавлдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №9 мектептің акт залында аттестат табыстау рәсімі кезінде төбенің плиткаларының бір бөлігі құлаған. Оқиға кезінде залда шамамен 100 адам – түлектер, олардың ата-аналары мен ұстаздар болған. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, құлау аумағы шамамен 13 шаршы метрді құраған. Плиткалар залдың артқы жағында құлаған. Бөлмеде болған ешкім зардап шекпеген. Шара бірден далаға ауыстырылып, жоспар бойынша жалғасқан.
Мектеп әкімшілігінің дерегінше, акт залына соңғы жөндеу жұмыстары 20 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Қазір қызметтік тексеріс басталды. Мамандар оқиғаның себептерін анықтап жатыр. Кейін ғимаратты тексеру туралы ресми акт толтырылып, салдарды жою жұмыстары жүргізіледі.