Қанат Бейсекеевтің арнасына сұхбат берген белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаев Қазақстанда бәрі қазақ тілін үйренсе ғана, тіл мәселесі шешілетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ФИНЛЯНДИЯ МЕН НОРВЕГИЯ МЫСАЛЫ
Қоянбаев бір кездері қазақ тіліндегі фильмдер шеттетілгенін айтып өтті.
Өз аудиторияма жұмыс істеп келе жатқаныма біраз жыл болды. Біздің жағдай өте қиын болды. Біздің қазақ кинолар алынбады, қазақша бағдарламалар аз болды. Оның бәрінен біз үндемей өттік қой. Кейде өзін қорғайтындар “орыс, ағылшын тілінде медицина дамыған, қазақ тілінде әлемді зерттеу қиындау болады” деп айтады. Бірақ 3-4 млн халқы бар Финляндия фин тілінде, 6 млн халқы бар Норвегия өз тілінде сөйлейді. Тіл проблема емес. Тіл проблемасын шешудің бір-ақ жолы бар – бәріміз қазақ тілін үйренуіміз керек! Болды! Сонда ғана шешіледі. Адам жүзуді үйренгісі келетіні секілді алдына мақсат қоя білу керек. “Мен ана тілім – қазақ тілін білуім керек” деуі тиіс, – дейді ол.
Осылай деген Қоянбаев саясатқа барғысы келмейтінін айтты.
ҚАЗАҚ ТІЛІ МӘСЕЛЕСІ
Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ата заңда тайға таңба басқандай жазылғанымен, шынайы өмірде бұл қағидат толық іске асты деу – қиын. Қазақ тілі мәселесі – бүгінгі қоғамда ең өзекті, әрі ең күрделі тақырыптардың бірі саналады.
Қазақ тілі Конституцияда мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен, мемлекеттік органдарда, сотта, медицина мен білім саласында, іскерлік ортада әлі күнге дейін орыс тіліне басымдық беріледі. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілінде ойын толық жеткізе алмай, жиындарды орысша жүргізуге мәжбүр.
Қуантарлығы, кейінгі жылдары қазақтілді жастардың саны көбейіп келеді. Әлеуметтік желілер мен шығармашылық алаңдарда қазақ тілінде сапалы контент жасаушылар легі арта бастаған. Бұл – тілдің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанының белгісі. Дегенмен үлкен қалаларда орыстілді орта сақталып отыр. Балабақшадан бастап университетке дейінгі білім беруде қазақ тілінің орны әлсіз. Бұл – болашақта тілдік алшақтық пен әлеуметтік теңсіздікті тереңдетуі мүмкін.
Қазақстанда «Тіл туралы» заң бар. Бірақ оның орындалуын талап ететін нақты тетік жоқ. Жазалау емес, ынталандыру мен жүйелі мемлекеттік саясат жетіспейді. Қазақ тіліне шын мәнінде сұраныс қалыптаспайынша, кез келген заң – қағаз жүзінде ғана қалмақ.
Қазақ тілі – ұлттық қауіпсіздіктің де, мемлекеттің тұрақтылығының да тірегі. Тілдің қолданыс аясын дамыту тек мәдениет пен білім саласының міндеті емес, бұл – тұтас мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытына айналуы тиіс.