Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей СІМ-нің мәлімдемесіне жауап берді. Аталған шетелдік ведомство Украина Қазақстан әуе кеңістігін Ресей нысандарына шабуыл жасау үшін пайдаланып жатыр деп ақпарат таратқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақстан аумағынан ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) ұшырылып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазір құзырлы органдар елімізде ҰҰА табылған соңғы оқиғалардың барлық мән-жайын зерттеп жатыр. Осы оқиғалар бойынша ресми қорытындыны күтуге кеңес береміз», – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, Қазақстан аумағы арқылы дрондар ұшты немесе біздің елден ұшырылды деген мәліметтер де шындыққа жанаспайды.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, бұған дейін Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова Украина дрондарының Қазақстан аумағы арқылы ұшқанын мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, 19 және 20 маусым күндері Украина қарулы күштерінің бірнеше ондаған дроны Ресей нысандарына соққы жасау мақсатында Батыс Қазақстан облысы арқылы ұшқан.
Ресей СІМ бұл әрекеттерді ҰҚШҰ аясындағы одақтас мемлекетке қатысты орынсыз деп бағалап, барлық жауапты елдер мен халықаралық ұйымдарды жағдайға баға беруге шақырды.