Иран Израильге соққы жасауды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВВС мәліметінше, Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи атысты тоқтатуға қатысты әзірге Израильмен арада ешқандай келісім жоғын айтқан. Бірақ Тель-Авив шабуылды тоқтатса, Тегеран да соққы жасауды тоқтатуға дайын.
– Қазіргі кезде атқылауды немесе соғыс қимылдарын тоқтатуға қатысты ешқандай келісім жоқ. Егер Израиль режимі Иран халқына жасаған заңсыз арандатуын Тегеран уақытымен таңғы төртке дейін тоқтатса, онда біз қарымта жауабымызды қайталамауға дайынбыз, – дейді Арагчи.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трмап Иран мен Израиль атысты тоқтату туралы келісімге келгенін айтқан.
13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандарын атқылауды бастаған. 22 маусымда оған Вашингтон қосылған. АҚШ Иранның үш бірдей ядролық нысанын бункерге қарсы бомбалармен атқылаған. Шабуылдан кейін Дональд Трамп «Иранның негізгі ядролық нысандары талқандалды» деген. Бірақ Тегеран оны жоққа шығарған. Иран билігі АҚШ-тың шабуылын растағанымен, «ядролық нысандар толықтай қираған жоқ» деген.