Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин депутаттарға берген жауабында педагог мамандардың жұмыс сапасын арттыру үшін нендей шаруалар атқарылып жатқанын атап көрсеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін жоғары білім сапасын арттыру және оны халықаралық білім кеңістігіне ықпалдастыру мақсатында жаңа қаржыландыру үлгісін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа үлгіге ҰБТ-ның шекті балын көтеру, шетелдік үздік жоғары оқу орындарын тарту, білім гранттарын саралау, ұлттық рейтинг енгізу және оқу үдерісінің сапасына қарай мемлекеттік тапсырысты бөлу тетіктері аталып өтеді. Аталған бастаманы жүзеге асыруға қажетті заңнамалық түзетулер 2024 жылы 30 желтоқсанда мәжіліс қарауына енгізілген.
Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігіне аталған жұмыстар аясында Оқу-ағарту министрлігімен және Парламент Мәжілісінің депутаттарының қатысуымен ҰБТ-ның бірыңғай ең төменгі шекті балын белгілеу, шетелдік жоғары оқу орындарынан ауыстыру және қабылдау, педагогикалық мамандықтарға түсушілерге қосымша емтихан енгізу мәселелерін қарастыру тапсырылды, – дейді Серік Жұманғарин.
Бұл мәселелерді кадрларға деген сұранысты тиімді болжау, мемлекеттік білім беру тапсырысын жоспарлау, оны бөлу және түлектерді жұмысқа орналастыру тетіктерін ескере отырып зерделеу қажеттігі аталып өтеді.