Иранның Әл-Удейд әуе базасына жасаған зымыран шабуылынан кейін Катардың әуе кеңістігі уақытша жабылып, Қазақстанның ондаған азаматы Дохада қалып қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Солардың қатарында кәсіпкер Фархат Ыстамқұл да бар. Ол 24 маусымға қараған түні бейнеүндеу жариялап, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің іске қосылғанын естіп, зымырандарды көзімен көргенін айтты.
Көзіммен зымырандарды көрдім, құлағыммен жарылыстарды естідім, әуе шабуылына қарсы қорғаныс қалай жұмыс істегенін байқадым. Осы видеоны таратуыңызды сұраймын. Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан елшілігі арнайы борт жіберіп, халықты – соның ішінде кішкентай балалары бар азаматтарды эвакуацияласа деймін. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар, – деді ол.
Ulysmedia тілшісімен сөйлескен Фархаттың айтуынша, туристер қонақүйлерге орналастырылған, жалпы жағдай әзірге тұрақты. Катар билігі әуе кеңістігін қайта ашқанымен, рейстері тоқтатылған қазақстандықтар нақты қашан елге оралатыны әзірге белгісіз.
«НЕ БОЛАТЫНЫ БЕЛГІСІЗ»
Дохада қалып қойған өзге азаматтар да алаңда жатыр. Татьяна Бурзилова 23 маусым күні сағат 17:40-та Астанаға ұшуы керек болған. Алайда АҚШ-тың Иранға жасаған соққысы туралы хабар шыққаннан кейін рейс дереу тоқтатылған.
Бізге таңғы ас берілетін басқа қонақүй ұсынды, бірақ одан басқа ешқандай ақпарат айтылған жоқ. Кеше күндіз туроператор 24 маусым сағат 13:00-де ұшу болатынын хабарлаған еді. Бірақ Иран шабуылынан кейін ол рейс те жойылды. Қазір ешкім ештеңе айтпайды. Қонақүйде туристер көп, ешкім үйлеріне қайта алмай отыр. Сағат 12:00-де қонақүйден шығуымыз керек – ары қарай не болатыны белгісіз, – деді ол.
Ulysmedia тілшісі турист Ермекпен де тілдесті. Ол Катарда қалған қазақстандықтарға көмек көрсету және үйлестіру үшін WhatsApp-та арнайы чат ашқан. Ермектің өзі шұғыл көмекке мұқтаж емес, алайда Доха әуежайының транзиттік аймағында қалып қойған жолаушыларға алаңдайтынын айтты.
Кейбір қазақстандықтар баласымен бірге транзитте қалып, жаялық пен балалар тамағын сұрауға мәжбүр болған. Мұндай жағдайда қалғандарға Катарда тұратын және жұмыс істейтін басқа отандастарымыз көмек беріп жатыр.
Бізді үш жұлдызды қонақүйлерге орналастырды – әзірге көмек қажет емес. Бастысы – басымызда баспанамыз, кондиционеріміз бар. Тек балалармен бірге қайда барып, түскі не кешкі ас ішуге болатынын білмейміз. Отбасы құрамында – кемі бес адам. Негізгі қиындық транзиттік аймақта қалған жолаушыларда. Олар тіркеуден өтіп қойғанымен, ұшақтары ұшпай жатыр. Арасында жеті айлық балалар да бар. Сол жақта салқын. Катарда тұратын отандастарымыз, әсіресе кішкентай баласы барларға көмектесіп жатыр, – дейді Ермек.
ҚАЛАДА ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ
Дохада жүрген адвокат Мәкіш Есқараев та қаладағы жалпы жағдайды баяндады. Оның айтуынша, Катар астанасы қалыпты тіршілікпен өмір сүріп жатыр – байланыс үзілмеген, көлік пен дүкендер қалыпты жұмыс істеп тұр, жүріп-тұруға шектеу жоқ.
Ол сондай-ақ Қазақстан елшілігі қызметкерлерінің жұмысына оң баға берді.
Кеше шабуыл кезінде сиреналар естілген жоқ. Біздің қонақүй оқиға орнынан алыс орналасқан болуы мүмкін. Жалпы жағдай тыныш. Адамдарда қобалжу болды, бірақ бұл – аспан жабылып, елден шыға алмағаннан туындаған реакция. Азаматтарымыз сабырлы, ешқандай дүрбелең жоқ. Елшілік өкілдері шұғыл байланысқа шықты, чаттар құрылды. Катардағы Қазақстан консулы бізге тұрақты ақпарат беріп отыр. Байланыс пен интернетте ешқандай қиындық жоқ. Қалада ешқандай шектеу жоқ. Уайымдауға себеп жоқ, бәрі тыныш, – деді ол.
Ulysmedia тілшісі сыртқы істер министрлігіне және Air Astana компаниясына қанша қазақстандық Дохада, соның ішінде әуежайда қалып қойғанын сұрап жүгінген. Алайда мақала жарияланған сәтке дейін жауап берілген жоқ.
КОНТЕКСТ
24 маусымға қараған түні Иран Катардағы Әл-Удейд әскери базасына бірнеше зымыранмен соққы жасады. Бұл база – АҚШ әскери күштерінің маңызды нүктелерінің бірі. Иран шабуылы бұдан бірнеше күн бұрын АҚШ ӘӘК-нің Иранның ядролық инфрақұрылымына жасаған соққысына жауап ретінде жасалған.
Халықаралық БАҚ дерегінше, зымырандардың басым бөлігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі арқылы жойылған, адам шығыны болмаған. Қақтығыс ушығуы мүмкін деген қауіпке байланысты Катар билігі әуе кеңістігін уақытша жапқан. Бұл ондаған рейстің тоқтатылуына әкелді. Көрші елдер – Бахрейн, БАӘ және Кувейт те дәл осындай шектеулерді қысқа уақытқа енгізген.