Иран Израильмен арада атыстың тоқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Иранның ұлттық қауіпсіздік бойынша жоғары кеңесі Израильмен арада атыстың тоқтағаны туралы мәлімдеме таратты. Мәлімдемеде «Иран әрбір арандатушы әрекетке қарымта жойқын жауап қатты. 12 күндік соғыста халықтың бірлігі мығым болды» деп жазылған.
– Халықтың осы терең және мағыналы мінез — құлқы, дана басшылығы мен жауынгерлердің күресі үшін Құдайдың сыйы көмек пен жеңіске айналды, бұл жауды өкінуге, жеңілісті мойындауға және шабуылды біржақты тоқтатуға мәжбүр етті, – делінген хабарламада.
Бұған дейін Израиль де атыстың тоқтағаны туралы мәлімдеген. Тель-Авив Иранға қарсы жасалған әскери операция өз мақсатына жетті деген.
– Операцияның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге байланысты және gрезидент Трамппен толық келісе отырып, Израиль оның атысты екі жақты тоқтату туралы бастамасын қабылдады. Израиль бейбіт келісім шарттарын бұзылған жағдайда оған қатысты батыл шешім қабылдайды, - делінген Израиль билігі таратқан хабарламада.
Оған дейін АҚШ президенті Дональд Трмап Иран мен Израиль атысты тоқтату туралы келісімге келгенін айтқан.
13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандарын атқылауды бастаған. 22 маусымда оған Вашингтон қосылған. АҚШ Иранның үш бірдей ядролық нысанын бункерге қарсы бомбалармен атқылаған. Шабуылдан кейін Дональд Трамп «Иранның негізгі ядролық нысандары талқандалды» деген. Бірақ Тегеран оны жоққа шығарған. Иран билігі АҚШ-тың шабуылын растағанымен, «ядролық нысандар толықтай қираған жоқ» деген.