Индонезияда Қазақстанның екі азаматы есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сәуір мен маусым аралығында Индонезияда жүргізілген ауқымды есірткіге қарсы операция барысында 285 адам ұсталды. Олардың қатарында 29 әйел мен жеті шетелдік бар. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
Ұсталғандардан барлығы жарты тоннадан астам есірткі тәркіленген. Индонезияның ұлттық есірткіге қарсы агенттігінің басшысы Мартинас Хукомның мәлімдеуінше, операция елдің 20 провинциясында өткен. Нәтижесінде екі ірі есірткі синдикатының ақшаны заңдастыру схемалары анықталған. Бұл ұйымдардың активтері тәркіленіп, жалпы сомасы 26 миллиард рупийге (шамамен 1,5 миллион АҚШ долларына) жеткен.
Операция аясында 36 күдікті — оның ішінде 21 әйел — журналистерге көрсетілді. Олар апельсин түсті түрме киімімен және қолдары кісендеулі күйде ұсталған есірткі заттармен бірге ұсынылды. Хукомның айтуынша, ұсталған әйелдердің көпшілігі — тұрақты табысы жоқ үй шаруасындағы әйелдер.
Ұсталған жеті шетелдік азаматтың арасында:
БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының деректеріне сәйкес, Индонезия — халықаралық есірткі синдикаттары үшін маңызды транзиттік орталық. Бұл елдегі жас тұрғындар санының көптігі де контрабанданың негізгі нысанасына айналуына себеп болып отыр.
Мамыр айында Риау провинциясында өткізілген бөлек операция барысында теңіз арқылы есірткі өткізудің екі әрекеті тоқтатылған. Бұл жолы 2,7 тонна метамфетамин мен 1,2 тонна кетамин тәркіленген.
2023 жылы Индонезияда есірткіге қатысты 52 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, 6,2 тонна метамфетамин, 1,1 тонна марихуана және басқа да синтетикалық есірткі заттары тәркіленген.
Айта кетейік, осы айдың басында Бали аралында үш британдық азамат 1 келіге жуық кокаинді елге кіргізбек болды деген айыппен сотқа тартылды. Индонезияның қатаң есірткіге қарсы заңнамасына сәйкес, олар өлім жазасына кесілуі мүмкін.
Индонезияның көші-қон және түрмелер жөніндегі министрлігінің деректеріне сәйкес, елде 530-ға жуық адам, оның ішінде 96 шетелдік, негізінен есірткіге қатысты қылмыстар үшін өлім жазасына кесілген. Елдегі соңғы өлім жазасы 2016 жылғы шілдеде орындалған: онда бір индонезиялық пен үш шетелдік азамат ату жазасына кесілген болатын.