Алматыда саяси журналистика саласы бойынша журналист Рахат Мамырбек атындағы байқаудың қорытындысы жарияланып, жүлдегерлер марапатталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Биыл үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан байқауға 52 материал қатысқан. «Үздік мақала» номинациясында Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің үшінші курс студенті Мөлдір Қабыкеннің әскердегі әлімжеттік туралы «Өмір үшін күрес» мақаласы жеңімпаз атанса, «үздік видео» номинациясында батыс қазақстандық журналист Азамат Хамзаның тәуелсіз бақылаушылар туралы «20-1» деректі фильмі үздік деп танылды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табысталды.
– Бұл марапат сөз еркіндігіне сенетіндердің еңбегін бағалау деп ойлаймын... Бұл байқау тек қана Рахат Мамырбекті еске алу емес қой. Бұл тәуелсіз журналистиканы, сөз еркіндігін қолдау жолдарының бірі ғой. Осындай байқаулар жалғасса, өңірдегі тәуелсіз журналистика дамиды. Қолдаусыз ешнәрсе дамымайды, – дейді Азамат Хамза.
Байқауды ұйымдастырушылардың бірі журналист, Азаттық радиосының қазақ бюросының жетекшісі Қасым Аманжол журналистиканы бағалауда атқарушы билік емес, азаматтық қоғамның өзі бағалай алатын болуы керек дейді. Оның сөзінше, байқаудың басты мақсаты сол.
– Журналистика бағаланған кезде оны атқарушы билік емес, оны қоғамның өз ішіндегі азаматтық қоғам мүшелері өздері де бағалай алатын болуы керек. Осындай дәстүрді енгізу үшін біз осы сыйлықты ұйымдастырып және соны беріп келе жатырмыз. Бұл қоғамның өз ішінде азаматтар топтасуы керек. Бұл өте төменнен басталған. Қарапайым азаматтардың, қарапайым журналистердің өзара топтаса алатынын, біріге алатынын және үздік жұмыстарды өзі де бағалай алатынын көрсететін үлгі болса екен деп бастадық, – дейді Қасым Аманжол.
24 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесі қарсаңында әдеттегідей мемлекеттік БАҚ-та қызмет істейтін бір топ журналисті марапаттаған. Қоғамда мемлекеттік БАҚ-қа сын көп айтылады. Медиа сарапшылар биліктен марапат алу халықаралық журналистика стандартына қайшы дейді.
Әлемде баспасөз еркіндігі индексін бағалайтын «Шекарасыз тілшілер» ұйымы есебінде Қазақстан 180 елдің арасында 142-орында тұр. Amnesty International құқық қорғау ұйымы биыл сәуірдегі есебінде Қазақстандағы құқық қорғаушылар бір жыл ішінде 24 адам саяси астары бар іс бойынша қамалғанын тіркеді деп жазған еді. Олардың арасында журналистер де бар.
Ресми Астана елде «саяси тұтқын» да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.