Экономист Айдархан Құсайынов Қазақстан ұлттық қорының қазіргі басқару тәсілін сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сарапшының пікірінше, қазіргі таңда ұлттық қордан көп қаражат алу – қордың құрылу мақсатымен мүлде сәйкес келмейді.
– Соңғы уақытта ұлттық қорды басқару – таза волюнтаризм мен жауапсыздыққа айналды. Шын мәнінде, ұлттық қор табыспен емес, табиғат сыйымен келген долларды "стерильдеу" үшін құрылған. Мұндай қорлар шикізатқа тәуелді елдерде классикалық түрде қалыптасады. Себебі мұндай елдерге келетін валюта – өнімді экономиканың жемісі емес, жер мен табиғат берген байлықтың орнына келеді. Сондықтан да: «Біз бұл валютаны айналымға жібермей-ақ қояйық, өйткені бұл – біз өндіріп тапқан ақша емес, табиғат арқылы берілген» деген ұстаным болуы керек еді. Міне, қор құрудағы басты идея осы болатын, – деді Құсайынов «Медиа-Систем» YouTube арнасындағы сұхбатында.
КОНТЕКСТ
2024 жылы Ұлттық қорға 3,8 трлн теңге түссе, қордан алынған жалпы сома – 5,6 трлн теңге болды. Яғни қордан алынған қаражат түскен кірістен бір жарым есе артық, бұл экономистер арасында алаңдаушылық туғызуда.