Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі барлық мемлекеттік шығынды ауқымды тексеру басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұған кейінгі уақытта, әсіресе, құрылыс саласында жиілеген жемқорлық фактілері себеп болған. Жапаровтың айтуынша, қыркүйек айында бюджеттен қаржыландырылған барлық жобаны қайта қарауға арналған арнайы комиссия құрылмақ.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Біз ел бойынша кімнің қолына қанша қаржы тигенін, қандай жұмыстар атқарылғанын, қанша ақшаға жасалғанын, қаншасы ұрланғанын түгел тексереміз. Мұны өзім жеке бақылауыма аламын. Кім ұрласа да, он есе қайтарып, түрмеге отырады. Кім екеніңіз маңызды емес, ешкімге кешірім берілмейді. Бұрынғы заманды ұмытыңыздар. Егер мемлекет төлейтін жалақы көңіліңізден шықпаса, бизнеске кетіңіз, — деді Жапаров.
Президент бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанын сынға алды.
– Өкінішке қарай, кейбір басшылар бұрынғыдай әлеуметтік және басқа да құрылыс жұмыстарына бөлінген қазына ақшасына бас салып жатыр. Кешегі Токмоктағы жағдайды алайықшы. Бұл не деген ақымақтық?, — деп ашуланды ол.
АНЫҚТАМА
24 маусым күні Токмок қаласының әкімі Мақсат Нусувалиевтің жиналыс үстінде ұсталды. Онымен бірге тағы үш адам — шенеунік, мердігер компанияның басшысы және парк құрылысына жауапты адам да құрықталды. Олардың барлығына “жемқорлық” бабы бойынша айып тағылған.
Мемлекет басшысының айтуынша, тек осы жылы Токмок пен Қара-Балта қалаларына 1 миллиард сомнан бөлінген. Оның пікірінше, бұл 2 миллиардқа екі қаланы да үлгілі деңгейге жеткізуге болар еді.