Антикордың ресми өкілі Данияр Бекайдаров "ЭКСПО ісі" қайта қаралмайды, антикор тағы бір істі тергеп жатыр" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Данияр Бекайдаровтың сөзінше, бұл 2016-2017 жылдан бері келе жатқан іс.
- Сол жылдары қозғалып, тоқтатылған іс. Қазіргі таңда іс жаңартылды, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, дейді антикордің өкілі.
Бекайдаров бұл кімге қатысты іс екенін тергеу құпиялығына байланысты айтпады.
- Антикорда ЭКСПО-ға қатысты іс бар. Біз оны растадық. Бұл іс фигуранттары қазіргі таңда мемлекеттік қызметте істемейді. Олар халықаралық іздеуде. Қанша адам екенін айта алмаймыз, дейді Бекайдаров.
БҰҒАН ДЕЙІН
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ulysmedia.kz порталында жарияланған сұхбаттан кейін бас прокурор Берік Асыловтан "ЭКСПО ісінен" бастап елдегі саяси сипаты бар үкімдердің бәрін қайта қарауды сұраған еді. Берік Асылов депутаттық сауалға "ЭКСПО ісін қайта қарауға негіздер анықталмады" деп жауап берген болатын.