Орск маңындағы өткізу бекетінде қазақстандықтар мен ресейліктер бірінші кезекте өткізілуде, алайда Жайсан – Сагарчин өткелінде кептеліс әлі сейілмеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
30 маусым күні күндіз Орск қаласына қарасты өткізу бекеті алдындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы бейтарап аумақ көлікке лық толған. Адамдар бірнеше сағат бойы кезекте тұрып, сусыз, тамақсыз әрі дәретханасыз қалған. Тек кешкісін жағдай сәл түзелді, Қазақстан және Ресей азаматтарын бірінші кезекте өткізе бастады.
Ural56.ru деректеріне сәйкес, Жайсан – Сагарчин автокөлік өткізу пунктінде де жағдай қиын болып отыр. Куәгердің айтуынша, ол таңертең осы өткел арқылы Қазақстанға өткенде жолға 1,5 сағат кеткен. Ол кезде Ресейдің Орынбор облысына бағыт алған көліктер бейтарап аймақта үш қатарға тізілген. Ал кешке Қазақстаннан Ресейге кері бағытта шыққан ол 6 сағат ішінде тек 1,5 шақырым ғана ілгерілей алған. МАПП Жайсанға дейін тағы да осынша қашықтық бар. Көліктер өте баяу қозғалуда. Тек жүк көліктері таңғы уақытқа қарағанда сәл жылдамырақ жүріп жатыр.
ТЖМ
Мәртөк ауданындағы «Жайсан» шекара бекетінде кептелісте тұрған жүргізушілерге Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен әскери қызметкерлері көмек көрсетуде. Жүргізушілерге ыстық тамақ, ауызсу беріліп, медициналық жәрдем ұсынылуда.
Қазақстанның ТЖМ негізгі себеп ретінде шекарадан визасыз өту үшін QR-код қолдануды міндеттейтін жаңа тәртіптің енгізілуін атады.
БҰҒАН ДЕЙІН
30 маусымда Ресей шетел азаматтарынан биометриялық деректер жинау жобасын ресми түрде іске қосты. Визасыз режимдегі елдердің азаматтарына, оның ішінде Қазақстан азаматтарына, сапарға дейін бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесінде тіркеліп, ruID арқылы кіруге өтінім беру ұсынылады.