Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы Жалпақсайдағы балабақша жанындағы оңалту орталығында иттер бар екенін бейхабар болып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Әкімнің орынбасары журналистің “Балабақша жанындағы оңалту орталығында қабаған иттер бар екенін білдіңіз бе?” деген сұрағына:
– Жоқ, білген жоқпын. Неге мен білуім керек? Кешіріңіз, ауданда 360 мың халық бар. Бізде 47 елді мекен, 11 ауылдық округ, бір қала бар. Әр жердің өз әкімі бар. Солар қарауы керек, солар сигнал беруі керек еді, – деп жауап берді.
Ал “Мұны білу кімнің міндеті?” деген сұраққа:
– Толық білмеймін, – деп қысқа қайырды.
БҰҒАН ДЕЙІН НЕ БОЛДЫ
Алматы облысындағы Жалпақсай ауылында 10 жастағы жасөспірімді ит өлімші етіп талап, қазір ол ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Туыстары мен ауыл тұрғындары баланы футбол алаңында ойнап жүрген жерінде үш ит талаған дейді. Олар адам көрсе шабатын иттерді ауылдағы «Бостандық» реабелитациялық орталығы асырап отыр дейді. Сөздерінше, орталыққа жат діни ағым өкілдері иелік етеді.
Еске салайық, Ұлысмедиа тілшісі оқиға орнында болып, Жалпақсайдағы жантүршігерлік жағдайдың жай-жапсарын анықтаған болатын.
2 шілдеде дәрігерлер Жалпақсайда ит өлімші етіп талап кеткен баланың қазіргі жағдайын айтты.