Израиль Йеменде хуситтерге қарсы әскери операция бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Израиль әскері Йемендегі Ходейд, Раис және Эс-Салиф портына, сондай-ақ Рас-Канатиб электр станциясына соққы жасады. Тель-Авив мұны хуситтердің Израильге бірнеше рет жасаған зымыран шабуылдарына жауап деп атады.
– Мен ескерткендей, «Йеменнің тағдыры Тегеранның тағдыры сияқты». Израильге соққы жасауғатырысқандардың бәрі жауап ретінде соққы алады, ал Израильге қолын көтергендердің бәрі қолынан айырылады, — деп жазды Израиль қорғаныс министрі Исраэль Катц Х әлеуметтік желісінде.
Израиль соққысына «Ансар Алла» террористік тобы жауап берді. Ұйым өкілі Хизам әл-Асад «шабуыл қарсылық рухын баса алмайды» деп мәлімдеді.
Бұған дейін, 12 маусымда Израиль Иранға қарсы әскери операция өткізген. Тель-Авив Тегеранның ядролық нысандарын бомбалаған. Кейіннен оған АҚШ қосылып, Иранның үш бірдей негізгі ядролық нысанының көзін жойғанын мәлімдеген. Тегеран нысандарға айтарлықтай зақым келмегенін, байытылған уран мен қызметкерлер шабуылға дейін қауіпсіз аймаққа көшірілгенін айтқан. Қарымта ретінде АҚШ-тың Қатардағы әскери базасы мен Израиль қалаларын зымыранмен атқылаған. 12 күнге созылған соғыс тараптардың атысты тоқтату туралы келісімге келуімен аяқталған.