×
519.51
611.83
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.51
611.83
6.6

Түрме, карцер, аптап ыстық. Журналистер Думан Мұхаммедкәрім отырған абақтыға барды

Бүгін, 14:40
Түрме, карцер, аптап ыстық. Журналистер Думан Мұхаммедкәрім отырған абақтыға барды

Сот шешімімен жеті жылға сотталған тәуелсіз журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрім қамауда отырған Қызылордадағы N60 мекемеге журналистер барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«РУХАНИ ҚОЛДАУ ҮШІН КЕЛДІМ»

Журналист Қойшыбек Мүбарак 9 шілде Думан Мұхаммедкәрімнің туған күні қарсаңында Қызылордаға арнайы келдім дейді. Ол осылайша Мұхаммедкәрімге рухани қолдау көрсеткісі келген.

– Думан Мұхаммедкәрім осы Қызылордаға келгелі карцерде жатыр. Кездестірмейтін болса да, рухани қолдау үшін келіп қайтайын деп шештім. Сол үшін келдім. Думан Мұхаммедкәрім біздегі саяси тұтқындардың бірі. Саяси тұтқыннан бұрын біз үшін тәуелсіз журналист. Бүгінгі журналистика, бүкіл БАҚ саласы биліктің қолжаулығына айналып кеткен кезде өзінің ұстанымын, саяси көзқарасына берік тұрып, соның құрбанына айналып, түрмеде жатқан Думан Мұхаммедкәрімге қолдау білдіріп келу өзімнің міндетім деп санадым, – дейді ол.

ТҮРМЕ, КАРЦЕР, АПТАП ЫСТЫҚ

Аптап ыстыққа қарамастан түрме алдында дорба арқалап, жақындарына тамақ тасыған адамдардың қарасы көп. Ас-ауқат қабылдайтын бөлме іші абыр-сабыр. Кезегін күткен адамдар тым асығыс. Заттарды қабылдайтын кабинка алдында қаумаласқан. Бөлме іші көңілсіз. Қапырық.

Түрме әкімшілігі Думан Мұхаммедкәрімге журналистер алып барған ас-ауқат пен кітаптарды қабылдамады. Қабылдауда тұрған қызметкер оны Мұхаммедкәрімнің карцерде жатуымен байланыстырды. Енді ас-ауқатты тек 22 шілде күні карцерден шыққан кезде ғана қабылдай алады.

– Думанның әкесі жақында кіріп кеткен екі сағатқа. Передачасы жалғыз адамдық камерада болғандықтан осы жолға бітіп тұр. 22-і общий камераға өтеді. Сол кезде ғана болады, – деді түрме қызметкері.

«ДУМАННЫҢ ТҮРІ ШАРШАҢҚЫ»

Түрмеге кіріп, Думан Мұхаммедкәріммен кездесіп шыққан адвокат Әділхан Бедембаев журналистің денсаулығы нашар екенін айтты. Сөзінше, Мұхаммедкәрім ем қабылдауды бастаған.

– Ем қабылдап жатыр. Массаждан кейін кішкене шаршаңқырап тұр енді. Кез келген адам массаждан кейін шаршайды ғой. Былайша, бұрынғы ұстанымында, көзқарасында, – деді адвокат.

 

Бұған дейін, 27 маусымда Думан Мұхаммедкәрімнің тағы бір адвокаты Ғалым Нұрпейісов оның денсаулығы нашарлағаны туралы айтқан.

Денсаулығы жақсы емес, емделу керек. Түрме бастығымен сөйлескенімде ол 30 маусымда Думанды ауруханаға емдеуге алып баратындарын айтты. Қазір Думанға дәрі берсе де, оған ол көмектеспейді. Дәрігерлер укол салайын десе, Думанның жамбасында ет те қалған жоқ. Ол өзі де айтып жатыр «мен шал болдым, отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын» деп, – дегенНұрпейісов.

ЖУРНАЛИСТ, БЕЛСЕНДІ, «САЯСИ ТҰТҚЫН»

Белсенді, журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айып тағылған. Қонаев қалалық соты оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Журналистік соты жабық өткен. Ол істі ашық қарауды талап етіп, бірнше рет аштық та жариялаған. Іске журналистің шетелде тұратын тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, экс-банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. 

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналист Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын» да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла түсті. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.

Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.

Серіктес жаңалықтары