Қазақстан Ресей салады делінген үш бірдей жылу электр орталықтарының құрылысына жаңа инвестор іздеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілиясовтың сөзінше, ЖЭО салуға байланысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Құрылысты Қытай немесе Оңтүстік Корея компаниялары салуы мүмкін.
– «Самұрық-Энерго» желісі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ экологиялық талаптарға және энергия тиімділігінің қазіргі заманғы стандарттарына сәйкес келетін энергетикалық объектілер құрылысшыларымен келіссөздер жүргізілуде. Бұл Қытай немесе Оңтүстік Кореядан келетін энергетикалық компаниялар болуы мүмкін, – деді вице-министр Астанада халықпен кездесуде.
Бұған дейін вице-премьер Роман Скляр Өскемен, Семей және Көкшетау қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысы бойынша инвесторлар ауысуы мүмкін екенін айтқан. Себебі бұл ЖЭО салады деген Ресей қаржылық қиындықтарға тап болған.
Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салатын халықаралық консорциум көшбасшысы ретінде Ресейдің “Росатом” компаниясы атанған. Сарапшылар Украинаға басып кіргеннен кейін санкцияның астында қалған Ресей АЭС салуға қауқарсыз дейді. Кейбірі атом электр станциясын “Росатом” салса, ол Қазақстанды Ресейге саяси және энергетикалық тұрғыда тәуелді етеді деп қарсы шыққан. Ал Қазақстан билігі АЭС құрылысы бақылауда болатынын, станция салынғаннан кейін толықтай Қазақстанның басқаруында болатынын айтқан.