Газа секторында гуманитарлық көмекті тарату орындарында бейбіт тұрғындар арасында 600-ден астам адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бейсенбі күні Газаның орталығында қоректік қоспа алу үшін кезекте тұрған балалар Израиль әуе соққысының астында қалып, қаза тапты. Осы оқиғадан кейін БҰҰ-ның гуманитарлық агенттіктері көмек тарату орындарында бейбіт тұрғындардың өлімін тағы да айыптады.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Біз бұған дейін де адамзатқа қарсы қылмыс жасалуы мүмкін екені жөнінде алаңдағанбыз. Енді соның қайталану қаупі туындап отыр: адамдар күнкөріске қажет азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін кезекте тұрған сәтте оларға шабуыл жасалып жатыр. Бұл – адамға таңдау қалдырмайтын сұмдық жағдай: не оққа ұшасың, не аштан өлмеу үшін тәуекелге барасың, – деді жұма күні Женевада өткен брифингіде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасының баспасөз хатшысы Равина Шамдасани.
Соққы жасалған гуманитарлық көмек пункті ЮНИСЕФ-тің серіктес ұйымы мен америкалық Project Hope үкіметтік емес ұйымының қарамағында болған.
ЮНИСЕФ басшысы Кэтрин Расселл бұл оқиғаны «ақылға қонымсыз» деп атады.
Израиль тарапы соққы ХАМАС-тың күдікті жауынгеріне бағытталған деп мәлімдеді. Алайда БҰҰ өкілдері халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын тағы бір еске салды.