Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Украина қарулы күштерінің ұшқышсыз аппараттарына (БПЛА) қатысты Қазақстанмен диалог жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл туралы ол брифинг кезінде журналистердің сұрағына жауап берген кезде айтты.
Оның сөзінше, украиналық дрондардың Қазақстан аумағы арқылы ұшуы мәселесі бойынша Ресей Қазақстанмен байланыс орнатқан.
— Мәселе назарымызда, біз қазақстандық құрылымдармен диалог жүргізіп отырмыз, бұл іс алға жылжып келеді», — деді Рябков, РИА Новости келтірген дәйек бойынша.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, бұған дейін Ресей СІМ өкілі Мария Захарова 19 және 20 маусым күндері Батыс Қазақстан облысы аумағы арқылы Украина қарулы күштерінің бірнеше ондаған дроны ұшқанын мәлімдеген болатын.
Ресей Украинаны Қазақстанның әуе кеңістігін пайдаланды деп айыптады.
Алайда Қазақстан СІМ өкілі Айбек Смадияров бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан.