Ертең, 14 шілдеде Қазақстан аумағында ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Болжамға сәйкес, республиканың батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұл құбылыстар атмосфералық фронттардың өтуімен байланысты болмақ.
– Елдің солтүстік-батысы, солтүстігі мен шығысында бұршақ жаууы мүмкін. Шығыста нөсер жаңбыр жауып, екпіні күшті жел соғады. Ал қалған өңірлерде антициклон ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, – деп хабарлады “Қазгидромет”.
Сондай-ақ республика бойынша желдің күшейіп, ал Қызылорда облысында шаңды дауыл болады.
АПТАП ЫСТЫҚ
Күндіз Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Алматы (батысы мен солтүстігі), Ақтөбе (оңтүстігі) және Ұлытау облыстарында аптап ыстық +35…+39°C дейін көтеріледі.
Түркістан облысында ауа температурасы +40°C, ал Маңғыстау облысында +41°C-қа дейін жетеді.