Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде жұмыссыздық көп деп сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҰМЫССЫЗДЫҚ БАР МА
«Ұлыс» «Әкімдер» жобасын киелі Маңғыстау өңірінен бастады. Өңір басшысы Ulys TV-ға берген сұхбатында қазір облыста ресми түрде тек 21 000 адам жұмыссыз, бірақ 32 000 адам миграция арқылы жұмысқа келетінін айтады.
- Түрлі салада еңбек етеді. Шетелдіктер де бар. «Квота беріңіздер, тағы да жұмысшылар әкелеміз» деп өтініш білдіретіндер көп. 40 мың квота берсек те, келгісі келетіндер табылады. Сонда жұмыс жоқ деп қалай айтасың?, дейді Қилыбай.
ӨЗБЕКСТАННАН КЕЛЕТІНДЕР КВОТА СҰРАЙДЫ
Нұрдәулет Қилыбайдың сөзінше, Өзбекстаннан келіп жұмыс істейтіндер көп.
- Егер жұмыс болмаса, ешкім келмес еді. Мысалы, фермерлер Өзбекстаннан жұмысшы әкелу үшін квота сұрайды. Құрылыс саласында кран жүргізушісіне жалақы – 500-700 мың теңге. Бірақ жұмысшы табу қиын. Кафелерде аспаз бен даяшы – 300-500 мың теңге алады, бірақ бұл салада да бос орын көп, дейді әкім.
МҰНАЙ САЛАСЫНДА ІСТЕГІСІ КЕЛЕТІНДЕР КӨП
Яғни өңірде мұнай саласында жұмыс істегісі келетіндер көп.
- Көбі тек мұнай саласына барғысы келеді. Бірақ мұнай таусылмаса да, оған деген сұраныс азаюы мүмкін. Жаңа технологиялар өте жылдам дамып жатыр. Мұнай әлі де керек болады, бірақ қазіргідей көлемде емес. Әлем алға жылжып барады, дейді Нұрдәулет Қилыбай.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube арнасынан көре аласыздар.