Украина президенті Владимир Зеленский Юлия Свириденконы премьер-министр лауазымына ұсынды. Ол бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары, экономика министрі болған,деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Юлия Свириденконың кандидатурасын Зеленскийдің өзі ұсынды. Ол бұл жөнінде Свириденкомен болған кездесуден кейін айтты.
– Мен Юлия Свириденкога Украина үкіметінің басшысы болуды және оның жұмысын түбегейлі жаңартуды ұсындым. Жаңа үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын жақын арада ұсынуын күтемін", — деп жазды Зеленский әлеуметтік желіде.
Юлия Свириденко — Украина премьер-министрінің бірінші орынбасары әрі экономика министрі. Ол АҚШ-пен қалпына келтіру жөніндегі бірлескен инвестициялық қор құру туралы келіссөздер жүргізген. Қор жаңа пайдалы қазбаларды өндіруге берілетін лицензиялардан түскен табыстар есебінен қаржыландырылып, Украина мен АҚШ тарапынан тең негізде басқарылмақ. Қор құру туралы келісімге Свириденко қол қойған.
Киевтегі ауыс-түйіс
Бұған дейін Владимир Зеленский елдің қазіргі премьер-министрі Денис Шмыгальді қорғаныс министрі лауазымына ұсынатынын хабарлаған.
Украина үкіметіндегі ауыс-түйіс жасалатыны туралы хабарлар бірнеше күн бұрын пайда болған. БАҚ дереккөздері қазіргі премьер-министр Денис Шмыгаль қорғаныс министрі қызметіндегі Рустем Умеровтың орнына баруы мүмкін, ал Умеров АҚШ-тағы Украина елшісі болмақ деп айтқан.
Украина заңы бойынша, президент ұсынған кандидатураларды Жоғары Рада мақұлдауы тиіс.