Саида Мирзиеева Өзбекстан президент әкімшілігі басшысы болып тағайындалған тұста ведомствода қысқарту басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтың жарлығымен президент әкімшілігінің штатындағы 284 адам қысқартылған. Бұл жөнінде Мирзиеевтың баспасөз хатшысы Шерзод Асанов Telegram арнасында жазды.
– Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімділік, белсенділік және нәтижелілікті арттыру жөніндегі жарлыққа қол қойды. Президент әкімшілігінің жаңа құрылымы бекітілді. Нәтижесінде оның әкімшілігі мен ұйымдарында 284 штат бірлігі қысқартылды, – делінген жазбада.
Биыл маусымда Өзбекстан президент әкімшілігінің басшысы болып Шавкат Мирзиеевтің қызы Саида Мирзиеева тағайындалған. 2023 жылдан бері Саида Мирзиеева президенттің кеңесшісі болған. Оған дейін президент әкімшілігінің коммуникация және ақпараттық саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Саиданың сенімді серігі және қастандық
Бұл бөлім президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Камил Алламжоновтың қарамағына кірген. Алламжонов Саида Мирзиееваға жақын адамдардың бірі.
Былтыр қазанда Камил Алламжоновқа қастандық жасалған. Ол мінген көлікке қарсы оқ атылған. Осыдан кейін Алламжонов саясаттан біржола кетіп, жеке секторға баратынын айтқан. Бірақ Саида Мирзиеева президент әкімшілігі басшысы болып тағайындалған соң Алламжонов оның тәуелсіз кеңесшісі болағаны туралы ақпарат тараған.
Күштік құрылымдардағы ауыс-түйіс
Камил Алламжоновқа жасалған қастандық Өзбекстан күштік құрылым басшыларының ауысуына әкеліп соққан. Былтыр қарашада мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Абдулсалом Азизов қызметінен босатылған. Онымен бірге ведомствоның ондаған басшысы жұмысынан кеткен.
Отбасын таңдаған президент
Саида Мирзиеева президент әкімшілігі басшысы болып тағайындалған уақытта сарапшылар Шавкат Мирзиеев ел басқаруда отбасына арқа сүйеуді жөн санады деген пікірлер айтылған. Мирзиеев өзінен кейін президенттік орынға қызын дайындап жатыр деген де болжамдар айтылған.