Энергетика министрлігі тауар биржаларынан тыс автогаз құю бекеттеріне жеткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек және көтерме бағаларын қайта қарау туралы бұйрық жобасын жариялады. Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Министрлік сұйытылған мұнай газы өндірісінің әлі де шығынмен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда сұйытылған газдың өзіндік құны тоннасына 70–80 мың теңге аралығында болса, өндіруші зауыттар үшін белгіленген шекті көтерме баға — тоннасына 51 932 теңге. Осы себепті зауыттарда жаңғырту және жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстарына қаражат жетіспей отыр. Шығынға ұшырау жағдайында өндірушілердің бұл газ түрін өндіруге қызығушылығы төмендеп, олар табысы жоғары өнім шығаруға көшіп жатыр. Бұл жағдай ел ішіндегі сұранысты толық қамтамасыз етуге қауіп төндіреді.
Айта кетейік, сұйытылған мұнай газының тұтынылу көлемі өсіп келеді: 2022 жылы – 1,8 млн тонна, 2024 жылы – 2,4 млн тонна. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2025 жылы бұл көрсеткіш тағы 200 мың тоннаға артып, 2,6 млн тоннаға жетпек. Соның өзінде газ тапшылығы 30–40%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұған қоса, Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ТМД елдері арасындағы ең төменгі деңгейде екені атап өтілді.
ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ҰСЫНЫСЫ
Бұйрық жобасына сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 51 932 теңгеден 59 722 теңгеге дейін өседі. Бөлшек шекті баға да өңірлік ерекшеліктерге қарай 7–10 теңгеге көтеріледі.