Белгілі журналист Мұхтар Түменбай өмірден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗА
Қайғылы хабарды журналист Серікқали Мұқашев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
- Асылдың сынығы еді… Тұлпардың тұяғы еді… Арамызда аңқылдап жүрген адал досымыз, әділетсіздік атаулыға қаны қас жаужүрек бауырымыз — белгілі журналист Мұхтар Түменбай досымыздан қапыда айрылып қалдық… Үйінде отырып, жүрегі кенет сыр беріпті. Бақұл бол, бауырым…, – деп жазды журналист.
МҰХТАР ТҮМЕНБАЙ
Мұхтар Түменбай 1970 жылдың 11 тамызында дүниеге келген. Ол жазушы Жақсылық Түменбаевтың ұлы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Еңбек жолында бірқатар басылымдар мен республикалық телеарналарда жұмыс істеген.
Әкесінің қаламгерлік қызметін жалғастыра отырып, ол тек кәсіби журналист қана емес, сонымен қатар өзекті әлеуметтік және мәдени мәселелерге бей-жай қарамайтын азамат ретінде танылды. Мұхтар Түменбай шығармашылық және журналистика салаларында кеңінен танымал тұлға болды.