Эммануэль және Брижит Макрон америкалық Кэндис Оуэнске жала жапты деп үстінен сотқа арыз түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ БОЛДЫ
Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның жұбайы Брижит АҚШ-тағы Делавэр штатында Кэндис Оуэнске қарсы жала жабу бойынша сотқа шағымданды. Консервативті көзқарастағы белсенді әрі подкаст жүргізуші Оуэнс Брижит Макрон туралы «ол негізі ер адам» деп мәлімдеген.
218 беттен тұратын талап арызда Оуэнс «негізсіз, жала әрі ойдан құрастырылған» ақпарат таратты деп айыпталады. Ең басты мәлімдемелердің бірі – Брижит Макронның шын аты Жан-Мишель Тронье екені және оның туған кезде ер адам болғаны туралы. Сонымен қатар, Оуэнс президент пен оның жұбайы туыстық байланыста, ал Эммануэль Макрон – орталық барлау қызметі немесе басқа да үкіметтік сананы басқару бағдарламасының нәтижесі деп айтқан. Бұл мәліметтер Макрондар сотқа тапсырған құжатта келтірілген, деп жазады Financial Times.
Алайда, АҚШ заңнамасы бойынша, атақты адамдар жала жабу фактісін дәлелдеу үшін «шындыққа саналы түрде қарсы шыққанын», яғни ақпараттың жалған екенін біле тұра немесе шындыққа көз жұма қарағанын көрсетуі керек.
МАКРОНДАР НЕНІ ТАЛАП ЕТТІ
Макрондар істі алқабилер сотында қарауды және айыпталушыдан өтемақы өндіріп беруді сұрап отыр. Талап арызда олардың «беделіне елеулі нұқсан келгені» және «қоғамдық ақпаратты түзетуге көп қаражат жұмсалғаны» көрсетілген.
ҚОРҒАУШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ
Президенттік жұптың адвокаты, Clare Locke заң фирмасының тең құрылтайшысы Томас Клэрдің айтуынша, Макрон мен оның жұбайы сот процесіне жеке қатысу үшін Делавэрге баруға дайын.
- Олар өздерін қорғау маңызды деп есептейді... Оуэнске дұрыс әрекет етуге бірнеше мүмкіндік берілді, алайда ол оларды мазақ етуді жалғастырды, – деді Клэр.
Талап арызда көрсетілгендей, Оуэнс қорғаушы тараптың мәлімдемені жоққа шығару туралы өтініштеріне жауап ретінде «бұл жалған ақпаратты әдейі таратуды жалғастырған». Сондықтан, соңында мәселені сотқа арызданудан басқа амал қалмаған. Ал журналистің баспасөз хатшысының хабарлауынша, Оуэнс бұл жағдайға сәрсенбіде өзінің подкастында түсініктеме береді.
БРИЖИТ МАКРОН БҰРЫН ДА СОТҚА ЖҮГІНГЕН
2021 жылғы желтоқсанда YouTube платформасында өзін «медиум» деп атаған әйелдің төрт сағаттық тікелей эфирі шыққан. Эфир барысында ол Брижит Макронның бұрын Жан-Мишель Тронье есімді ер адам болғанын және кейін жынысын ауыстырғанын айтқан. Тронье Брижит Макронның қыз кезіндегі тегі.
Францияның бірінші ханымы, оның ағасы және үш баласы жеке өмірге қол сұғу және суреттерді заңсыз пайдалану бойынша сотқа шағым түсірген. Алайда Париж соты бұл талаптарды «жала жабу» ретінде қайта саралап, істі қанағаттандырмады.
2024 жылдың күзіне қарай журналист Наташа Рей Брижит Макрон туралы осыған ұқсас зерттеу жариялағаны үшін жала жапты деп танылып, 500 еуро айыппұл және 8000 еуро өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда 2025 жылдың шілдесінде апелляциялық сот журналисті ақтап шықты.
БРИЖИТ МАКРОН ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША
Францияның 25-президентінің әйелі Брижит Макрон 72 жаста. Мамандығы бойынша – орта мектепте француз тілі мен латын тілінің мұғалімі. Олар 2007 жылғы 20 қазанда үйленіп, 2017 жылғы 14 мамырдан бастап Брижит Францияның бірінші ханымы атанды.