Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Тәжікстанда жүздеген әлеуметтік нысан салынды. Олардың құрылысы шетелде тұратын отандастардың қаржысына жүзеге асқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
"Азия-Плюс" мәліметінше, Тәжікстанда мигранттар мен шетелдегі отандастардың қаражаты есебінен 272 нысан — балабақшалар, мектептер, асханалар, қонақүйлер мен спорт залдары салынған. Инвестициялардың жалпы сомасы 500 миллион сомониден асқан (шамамен 27,7 млрд теңге). Бұл әлеуметтік нысандардың барлығы тәуелсіздік жылдары бойы тұрғызылған.
– Шетелде тұратын отандастарымыз 536 миллион 843 мың сомониге 272 нысан салды. Бұлардың барлығы – тұрғындар пайдаланатын әлеуметтік нысандар: балабақшалар, мектептер, асханалар, қонақүйлер, шаштараздар мен спорт залдары, – деді жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту комитетінің төрағасы Шарифджон Жұмазода.
Оның айтуынша, биыл Тәжікстанда тағы 127 нысан салынады. Бұл мақсатқа 336 миллион сомониден (18,5 млрд теңгеден астам) астам қаражат қарастырылған. Құрылыс жұмыстары тағы да шетелдегі отандастардың қаражатына жүргізіледі.
КОНТЕКСТ
Тәжікстанда шетелдегі отандастарды ел дамуына серіктес ретінде тарту тұжырымдамасы іске асып жатыр. Көп жылдан бері тәжік мигранттары өз бастамасымен қаражат жинап, туған ауылдарында мектеп пен әлеуметтік нысандар салып, жолдарды асфальттап келеді.