Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (КУВА) 24 шілдеде активтерді қайтару шеңберінде қазақстандық олигархтардан алынған брендтік зергерлік бұйымдардың сәтті сатылғаны туралы есеп берді. Кейбір зергерлік бұйымдардың қымбат болғаны соншалық, өтпеуіне байланысты қатарынан үш рет аукционға қойылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының мәліметінше, сатылымға шығарылған 56 лоттың тек 18-і ғана сатылған. Зергерлік бұйымдардың бастапқы құны 14,8 млн теңге болған. Сатылым барысында олардың бағасы 17% - ға қымбаттаған. Мемлекет брендтік білезіктер мен сақиналарды саудалаудан 16,9 млн теңге табыс тапқан.
ҚИСАПСЫЗ БАЙЛЫҚ
Жаңа иелерін тапқан зергерлік бұйымдардың ішінде 3,5 млн теңгеге сатылған FOPE брендінің білезігі бар (сәуір айында ол 3 млн 582 мың теңгеге саудға шығарылды). Сондай-ақ, Picchiotti сақинасы, изумрудпен көмкерілген бірнеше жүзік, інжу-маржандар мен бағалы алқалар сатылған.
– 38 зергерлік бұйымдар бойынша сатылым өткізілген жоқ. Бұл нарық механизмінің табиғи бөлігі. Бұл лоттар белгіленген тәртіппен қайта сатылымға шығарылады, - делінген компания таратқан ақпаратта.
Қазақстанда елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға қатысты сын көп айтылады. Оның ашықтығы, қандай негізде және қалай қайтарылып жатқаны белгісіз. Кейінгі отыз жылда қисапсыз байыған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына қатысты да дау көп. Азаматтық қоғам мен оппозиция өкілдері олардың да байлығын елге қайтару керек дейді.