×
474.08
558.28
6.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.08
558.28
6.26

«Ыңғайсыздар» ысырылатын алаң: Қазақстанда қанша БАҚ жабылды

07.04.2026, 14:42
«Ыңғайсыздар» ысырылатын алаң: Қазақстанда қанша БАҚ жабылды
Ulysmedia.kz коллажы

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда «журналист мамандығына деген қызығушылық артып, медиа нарық белсенді дамып келеді». Ведомство бұған дәйек ретінде тек 2025 жылдың өзінде елде 515 жаңа БАҚ тіркелгенін алға тартады. Алайда шенеуніктер қызметі тоқтатылған, медиа кеңістіктен жоғалған ақпарат құралдарының есебін жүргізуді қажет деп таппаған сияқты. Бірде-бір дерек таппадық.

Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанда соңғы жылдары қанша БАҚ жабылғанын, тағы қаншауы ақпарат алаңынан біржола кетуі мүмкін екенін анықтады.

ОНЛАЙН МЕДИАҒА ҚЫСЫМ

Қазір  елде не болып жатқанын жылдам әрі түсінікті жеткізе алатын ақпарат құралы – онлайн медиа. Алайда бұл сегментті қолдаудың орнына, «бұрыс көзқарас таралып жатыр» деген желеумен қысым күшейтіле бастады.

Медиасарапшылардың айтуынша, аккредитация талаптарының қатаюы, құқықтық жүктеменің артуы, материалдарды өшіру талаптары мен бұғаттау қаупі онлайн редакциялардың ішкі цензурасын күшейтті. Журналистер материал жариялар алдында «Бұл объективті ме?» дегеннен бұрын, «Бұл үшін жауапқа тартылмаймын ба?» деп ойланатын жағдайға жетті.

«ӘРІ ҚАРАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛМАЙМЫЗ»

Жуырда AIRAN MEDIA YouTube жобасының жабылуы медиа ортада үлкен резонанс тудырды. Біраз уақыт контент жарияламаған арна ұжымы әрі қарай жұмыс істеу мүмкін емесін мәлімдеді.

«Тікелей эфирлер мен видеоларды тоқтатқанымызға екі апта болды. Осы уақыт ішінде жағдайды реттеуге тырыстық, бірақ өкінішке қарай, нәтиже болмады. AIRAN MEDIA редакциясы өз жұмысын тоқтатады. Қазіргі жағдайда бұл бағытта әрі қарай жұмыс істей алмаймыз», – деді редакция.

Арна ұжымы өз принциптеріне адал болғанын атап өтті. Төрт жыл бойы белсенді жұмыс істеген жоба Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс сияқты қоғамдағы ең өткір әрі маңызды тақырыптарды көтеріп келген еді.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ҮШІН АУЫР КЕЗЕҢ

AIRAN-ның жабылуын журналистер қауымы елдегі сөз бостандығының қаншалықты «қорғалғанын» көрсететін кейс деп атады.

«AIRAN MEDIA жабылды. Бұл жобаны қатты жақсы көретінмін, өзім де дәл сондай жоба ашуды армандадым. Менің ғана емес, көп журналистің арманы деп ойлаймын. Не болып жатқанын жақсы түсініп отырмыз, бірақ одан жағдайымыз жеңілдемейтіні анық.

Журналистер мен сөз бостандығы үшін ауыр кезең туды. Бірінен соң бірін қамау, мықты жобаларды жабу.... Әрі қарай не болады – тіпті ойлағың да келмейді», – деп жазды тәуелсіз журналист Назымгүл Күміспаева.

«ХАЛЫҚ ҮНІ»

AIRAN MEDIA-мен қатар ашылған ақпарат құралдарының бірі – «ХАЛЫҚ ҮНІ» порталы да қызметін тоқтатты. Редакция өздерін “оқырманға еліміздегі экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени тақырыптарда маңызды ақпараттар мен сараптамалық-талдау материалдар ұсынатын ақпараттық портал” деп таныстырған еді. Не үшін жабылғаны жарияланған жоқ. Youtube арнасындағы соңғы видео 1 жыл бұрын жарияланған. Егер саяси науқан кезінде ғана жұмыс істеу көзделсе, неге соншалықты штат жинап, медиа холдинг құрылғаны белгісіз.

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, 2022 жылдың күзінде құрылған “Халық үні медиа” ЖШС” белгілі кәсіпкер, “Алтын қыран” компаниялар тобының басқарушы директоры Исламбек Салжановқа тиесілі.

СОТҚА ТАРТЫЛҒАН «РЕСПУБЛИКА»

Қазақстанда ақпараттық ресурстарды бұғаттау да үйреншікті құбылысқа айналып барады. Мәселен, былтыр Respublika.kz.media сайтының жұмысына шектеу қойылды. Өзге елдерде еш шектеусіз ашылып тұрған сайт Қазақстан аудиториясы үшін қолжетімсіз болып қалды.

Интернеттегі цензураны бақылайтын халықаралық OONI Probe сервисінің техникалық тексеруі де бұл ресурстың бірнеше интернет-провайдер деңгейінде HTTP арқылы бұғатталғанын көрсетеді.

Сайт редакциясы қазір әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратып отыр. 20 мыңға жуық жазылушысы бар YouTube-арналарының маңдайшасына «Бізді Қазақстан билігі бұғаттап жатыр» деп жазып қойған.  

«Республика» – Қазақстандағы тәуелсіз медиаресурстардың бірі. Басылым журналистік зерттеулерге, сараптамалық материалдарға және саясат, экономика мен мемлекеттік басқару тақырыптарындағы инсайдерлік ақпараттарға маманданған. 

2015 жылдың маусымында жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге, соның ішінде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелеріне қатысты бірқатар зерттеу жарияланғаннан кейін, Қазақстан билігі «Республика» порталын жабуға әрекеттеніп, АҚШ-та — Калифорния мен Нью-Йорк соттарына талап-арыз берген. Алайда америкалық соттар шешімді басылымның пайдасына шығарған.

2017 жылдан бері жоба Ұлыбританияда тіркелген және CA Analysis & Research Center тәуелсіз сараптамалық орталығына тиесілі. Басылымның соңғы резонансты материалдарының қатарында Украинада қаза тапқан қазақстандық журналист Айдос Садықовқа қатысты зерттеулер, Нұрсұлтан Назарбаев отбасының шетелдегі жасырын активтері, Польшада Қазақстанның Украинадағы елшілігінің әскери атташесінің көмекшісінің ұсталуына байланысты халықаралық дау және «Қорғас» аймағындағы көлеңкелі бизнес туралы материалдар бар.

ГАЗЕТТЕРДІҢ ЖАППАЙ ЖАБЫЛУЫ

Қазақстанда газет-журналдардың саны да азая түсті. Жаңалықтар секунд сайын жаңарып отыратын заманда кешегі оқиғаны ертеңгі нөмірден білу – ақпараттан хабардар болудың тиімді тәсілі емес.

Соңғы үш жылда елде 591 газет жұмысын тоқтатқан. Негізгі себеп – баспа басылымдарының онлайн ресурстармен бәсекеге төтеп бере алмауы.

2026 жылға жазылу науқанының нәтижесі де осы үрдісті көрсетеді. Ірі басылымдардың көбі 10–15 мың дана таралыммен шектелуде. Оның өзінде бұл көрсеткіш көбіне мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің мәжбүрлі жазылымы арқылы қамтамасыз етіледі.

Депутаттардың айтуынша, 2026 жыл елде тағы жүздеген газет-журнал жабылуы мүмкін.  Өйткені  «Қазпоштаның» қызмет ақысы бірнеше есе өскен. 2025 жылдың шілдесінде газеттерді тарату мен жеткізу құны бірден 1000 пайызға қымбаттаған. Бұл әсіресе аймақтық басылымдарға ауыр соққы болды. Сонымен қатар жазылу қызметінің комиссиясы 17 пайыздан 41,76 пайызға дейін өскен.

 «КУРСИВ» ПЕН «ЭКСПРЕСС К»

Соңғы жылдары бірқатар белгілі басылымдар жабылды. Солардың бірі – «Курсив» газеті. Басылым қағаз нұсқада соңғы рет 2025 жылдың 17 ақпанында жарық көрді.

Бас редактор Татьяна Николаеваның айтуынша, басылым әлемдегі мыңдаған газетке ортақ қиындықтарға тап болған. Пандемиядан кейін таралым 12,5 мыңнан 8 мың данаға дейін қысқарған. Жазылушылар саны да азайып, жарнама түсімі төмендеген. Қазір «Курсив» онлайн форматта жұмысын жалғастырып отыр.

Ал 2023 жылдың ақпанында «Экспресс К» газеті жабылды. Ғасырлық тарихы бар бұл басылымның тоқтауына иелік етуші ERG компаниясының медиа активтерден бас тартып, негізгі өндірістік бағытына көңіл бөлу туралы шешімі себеп болған.

ЕҢ БАСТЫ ҚАУІП – ШЫНАЙЫЛЫҚТЫҢ БҰРМАЛАНУЫ

 «Media Qoldau» құқықтық қызмет ұйымының жетекшісі, заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-тарға қысым көрсетудің қалыпты құбылысқа айналуы – алаңдатарлық тенденция.

«Тәуелсіз медиаларға жасалатын қысымның жекелеген көріністерінің өзі – сотқа тарту, сайттарды бұғаттау, редакцияларды жабу, заң талаптарын күшейту – Қазақстанда тәуелсіз журналистиканы әлсіретеді», – дейді маман.

Медиазаңгер мұның салдарынан сөз бостандығының деңгейі төмендеп қана қоймай, журналистер арасында өзін-өзі шектеу күшейетінін айтады.

«Сонымен қатар аудиторияның бір бөлігі ақпаратты балама көздерден іздей бастайды. Алайда мұндай көздерде мәліметтің шынайылығы көбіне күмәнді болуы мүмкін, тіпті жалған ақпараттың таралуына жол ашылады. Мәселен, елден тыс жерде басқарылатын анонимді телеграм-арналар», – дейді Гүлмира Біржанова.

Маманның сөзінше, «тәртіпті» журналистер ғана жұмыс істейтін ақпараттық кеңістіктің ең басты қаупі – шынайылықтың бұрмалануы.

«Медиа кеңістікте сыни көзқарас пен балама пікірлер болмаса, проблемалар жойылып кетпейді,  тек ашық талқыланбайтын болады. Олар әлеуметтік желілерде бейресми түрде ғана талқыланады», – деп түсіндірді заңгер.

«ЖУРНАЛИСТЕР БИЛІКТІҢ ҚАРСЫЛАСЫ ЕМЕС»

«Media Qoldau» ұйымы жетекшісінің пікірінше,  БАҚ-қа қысым көрсету немесе сот арқылы қудалау, тіпті ол «заң жүзінде негізделген» болып көрінсе де, қоғам тарапынан қолайсыз тақырыптарды шектеу әрекеті ретінде қабылданады.

«Нәтижесінде қоғам әртүрлі әрі тексерілген ақпарат алу мүмкіндігінен айырылады. Ақпаратқа қол жеткізу құқығы бұзылады. Ал бұл, меніңше, мемлекетке деген сенім деңгейінің төмендеуіне және нақты мәселелердің дер кезінде шешілмеуіне әкеледі», – деп есептейді маман.

Гүлмира Біржанова мемлекет журналистерді серіктес ретінде қабылдағанда ғана алға басатынын айтады.

«Мемлекетке айтар кеңесім: журналистерді міндетті түрде дос ретінде қабылдау шарт емес, бірақ оларды қарсылас ретінде көруге болмайды. Олар – ел ішінде де, сырттан да таралатын жалған ақпарат пен үгіт-насихатқа қарсы күресте маңызды серіктес. Мұны мемлекет неғұрлым ертерек түсінсе, соғұрлым өзі үшін де, жалпы ел үшін де тиімді болмақ», – деп түйіндеді заңгер.

Серіктес жаңалықтары