Астанада аутизм диагнозы бар 6 жасар қыздың анасы қоғамдық көлікте жолаушы тарапынан дөрекілік көргенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл жайт автобус ішінде болған. Желіде оқиғаның видеосы тарады.
Бейтаныс әйел анасына тіл тигізіп, “Қызыңызды алып кетіңізші, жыныма тиіп тұр” деген.
Ал осы кезде қыз баланың киімінде оның аутизмі бар екенін аңғартатын арнайы белгі болған.
БАЛАНЫҢ АНАСЫ НЕ ДЕЙДІ?
– Мен тек адамдардың түсіністікпен қарауын сұраймын. Бұрын қызыма автобуспен қатынау қиын еді – қатты айқайлап, еденге жатып алатын. Қазір терапияның арқасында күйзелісін жеңуді үйреніп келеді – жай ғана бір сөзді қайта-қайта қайталайды. Айғайламайды, тек қайталайды, бірақ бұл кейбір адамдарға ұнай бермейді. Бұрын тек наразылық білдірсе, бүгін сол әйел видеода менің қызымды «ештеңеге жарамайды» деп қорлады. Бұл – тым қатыгездік. Жыладым. Тек түсіністікпен қарауды сұраймын, – дейді қыздың анасы Сағина.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Қызылордадағы жеке меншік "Жас ұрпақ" коррекциялық орталығында тәрбиешінің аутизмге шалдыққан балаға қол көтергенін жазған едік.
Бүлдіршіннің анасының айтуынша, тәрбиеші баланы ұрып-соғып қана қоймай, оны дұрыс тамақтандырмаған. Өзге де ата-аналар сол кезде балаларымыздың денесін көгеріп, жараланып келеді деп шағымданды.