Алматы соты құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға айыппұл салды. Оған сот шешімімен жеті жылға сотталған марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты «жалған ақпарат таратты» деген айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ ШЕШІМІ
ІстіАлматы қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот судьясы Шамшаева қарады. Судья Бақытжан Төреғожинаға қатысты әкімшілік шешімді орнында отырып қабылдады. Кеңесу бөлмесіне шықпады.
– Төреғожина Бақытжан Аманғалиқызын ӘК 456-бабының 3-бөлігі 2 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл, жалпы сомасы 78 640 теңге өндірілсін, – деді судья.
ҚАРСЫЛЫҚ
Осыдан кейін Бақытжан Төреғожина мен оны жақтаушылары сот залында «Позор, позор!» деп айқайлады. Құқық қорғаушының өзі де, адвокаттары да сот шешімімен келіспеді.
– Бұлай сот өткізудің қажеті қанша еді? Сіз алдын ала дайындалған шешіммен келдіңіз, – деді Төреғожинаның заңды өкілі Маржан Аспандиярова.
“МЕН ИЛЛЮЗИЯ ЖАСАМАЙМЫН”
Бақытжан Төрағожина сотта қандай іс қозғалса да айтқан сөзінен қайтпайтынын айтты.
– Мен иллюзия жасамаймын. Осы жылдарға дейін мен қаншама сотты процестерінен өттім. Әсіресе, қараны ақ дейтін қылмыстық процестерден. Қалай дегенде де сот соңғы инстанция... Арыңызды басшылыққа ала отырып, шешім қабылдайсыз... Мына істі тоқтату керек. Полицияның үстінен жеке қаулы шығару қажет. Себебі екінші рет олар ашықтан-ашық ойдан құрастырған істі сіздің алдыңызға алып келмесін. Өйткені шешімге сіздің қолыңыз қойылады, –деді ол.
ҚАТЕСІН МОЙЫНДАҒАН ИНСПЕКТОР
Сот барысында Төреғожинаға қарсы іс қозғаған Алмалы аудандық полиция басқармасының инспекторы Мұхит Талғатбекұлы қорғау тарапының сұрақтарына нақты жауап бере алмады. Ол тіпті істе қателіктер жібергенін де мойындады. Баянатты қай күні жазғанын да нақты айта алмады.
– Сіз Төреғожина жазған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын қайдан білдіңіз? Қандай негізде сондай болжам жасадыңыз?, – деді Маржан Аспандиярова инспекторға қайырылып.
Мұхит Талғатбекұлы «Ол шындыққа жанаспайды» деп бірнеше рет қайталады.
АЛМАТЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ
Сот шешімі шыға салысымен Алматы қаласының полиция департаменті іске қатысты мәлімдеме жасады. Онда Бақытжан Төреғожинаның 25 шілдеде әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы шындыққа жанаспайтыны туралы жазылған. Бірақ полиция мәлімдемесінде құқық қорғаушылар “саяси тұтқын” деп таныған Марат Жыланбаевтың аты аталмайды.
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл мәліметтерді ресми түрде жоққа шығарды. Тексеру жұмыстары жазбада көрсетілген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын растады. Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі де осындай мәлімдеме жасап, мұндай тұжырым жасауға негіз жоқтығын атап өтті, – делінген мәлімдемеде.
29 шілдеде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы сарапшылар кеңесінің хатшысы Шер Раиса Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты тараған ақпараттан соң Степногорск қаласындағы №4 мекемге барған. Ол онда Марат Жыланбаевпен кездесіп, әлеуметтік желіге оның суреттерін жариялаған.
– Жүз рет естігенше, бір рет көр» дегендей, Жыланбаевтың жағдайын көзбен көру үшін бардық, – деген Шер Раиса.
Бұдан бөлек, Жыланбаевтың денсаулығына шағымы жоғын айтып, “өзі ағзасын шынықтырудың бір тәсілі ретінде қазір де аштық ұстап отыр, бірақ өзін бақылауда ұстап, су, компот, шай және кофе ішу арқылы жағдайын реттеп отырғанын жеткізді” деген.
Бірақ құқық қорғаушылар бұған сенбейді. Олар мұндай жауапты Жыланбаев қамауда отырған мекеме әкімшілігі бірнеше рет бергенін айтады. Бақытжан Төреғожина Жыланбаевқа кіруді сұрап хат та жолдаған. Бірақ рұқсат ала алмаған.
ҚАБЫЛДАНБАҒАН ӨТІНІШХАТ
Бақытжан Төреғожинаның қорғау тарапы іске тіркелген видео мен Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты медициналық справка дәлел болып саналмайтынын айтты. Олар сотқа Марат Жыланбаевтың өзін онлайн қосуды сұрап, өтінішхат түсірді. Судья өтінішхатты қанағаттандырмады.
ІС ҚОЗҒАУҒА СЕБЕП БОЛҒАН ЖАЗБА
Бақытжан Төрағожинаның үстінен әкімшілік іс қозғауға Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жазған жазбасы себеп болған. Жазбада Төреғожина Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткенін, терісінің түсі өзгеріп, есінен танып қала беретінін, салмағы 45 келі болып қалғанын жазған.
МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ
61 жастағы марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Марат Жыланбаев сот шешімімен жеті жылға сотталған. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және экстремистік ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Жыланбаевтың өзі де, жақтастары да тағылған айыппен де, үкіммен де келіспейді. Олар істің саяси астары бар деп есептейді. Белсендінің өзі үкіммен келіспей бірнеше рет аштық та жариялаған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. Ешкім саяси ой-пікірі үшін қудаланбайды дейді.