Тәжікстан Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) қосылу мәселесін әлі талқылап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Азия-Плюс» телеграм-арнасының мәліметінше, Тәжікстан экономикалық даму және сауда министрі Завки Завкизода Тәжікстанның Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) қосылу мәселесін ведомствоаралық жұмыс тобы қарап жатыр деп мәлімдеді.
«Жұмыс тобы ғаламдық экономиканың ахуалын, әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі және өзге де сыртқы факторларды ескере отырып жағдайды жан-жақты талдап жатыр. Бұған қоса, одақ елдеріне ұқсас елдердің тәжірибесіне де сүйенеді, кейін қорытындысын таныстырады» деді Завкизода.
Завкизоданың сөзінше, қазіргі кезде жұмыс тобы әлі ешқандай қорытынды жасамаған.
Ол осыған ұқсас мәлімдемені 2021 жылы да жасаған.»ЕАЭО - едәуір жас бірлестік және кез келген ел қандай да бір одаққа кірмес бұрын артықшылықтары мен кемшіліктерін бағамдайды»деген ол сол уақытта
Бұған дейін Ресей әртүрлі мінберлерде Тәжікстанның ЕАЭО-ға қосылуға ниетті екенін мәлімдеген. Тәжікстан билігі Ресейдің үндеулерінен ашық бас тартқан жоқ, тек жалтарма жауап берумен келеді.
Еуразия экономика одағы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде жұмыс істей бастады. Оған Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения мен Қырғызстан мүше. Одақ құжаттарына сәйкес, ЕАЭО аймағында тауар қозғалысы, сонымен бірге қызмет көрсету, капитал, жұмыс күші еркін айналуы керек. Тараптар бір-бірімен ақылдаса отырып бірыңғай саясат жүргізуі керек. Алайда оған мүше кейбір елдердің ресми өкілдері ЕАЭО кеңістігінде тауар мен қызмет көрсету бойынша бәсекелестік шарттары тең емес екендігіне шағымданады.