×
539.38
629.46
6.76
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.38
629.46
6.76

Қытайда жоғалған күйеуін табуға көмек сұраған әйелге айыппұл салынды

Бүгін, 08:29
Қытайда жоғалған күйеуін табуға көмек сұраған әйелге айыппұл салынды
ulysmedia коллажы

Қытайда жоғалған күйеуін табуға көмектесуді сұраған әйелге айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«Азаттық» радиосы таратқан ақпаратқа қарағанда, Қытайда жоғалған Әлімнұр Тұрғынбайдың әйелі Гүлдәрия Шерзатқа Алматы соты айыппұл салған. Бір күн бұрын ол бала-шағасымен бірге қалалық әкімдіктің алдына барып, әкімнің шығуын талап етіп, күйеуін тауып беруге көмектесуді сұраған. Гүлдәрия Шерзаттың үстінен «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша айып тағылған.

«Айыппұл төлейтіндей жағдайым жоқ, жолдасымды іздеймін бе, әлде айыппұлға ақша іздеймін бе? Оданша «қанша тәулік болса да жатып, соны «өтеп» кетейін» десем, «кәмелет жасқа толмаған балаңыз бар екен» дейді», – дейді Гүлдәрия Шерзат.

48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілдеде Қытайға жұмыс бабымен кеткен, содан бері хабар-ошар жоқ. Әйелі қасында болған адамдар оны Қытай шекарасында полиция ұстағанын айтқан. Туыстары Қазақстан мен Қытай органдарынан мардымды жауап ала алмаған. Әлімнұр Тұрғанбай Қытайдан отбасымен бірге 2016 жылы көшіп келіп, 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 

Қазақстан сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін, Қытайға сауал жолдағанын айтқан.

Бұған дейін, 31 шілдеде  Ulysmedia Қытайда жоғалып кеткен Әлімнұр Тұрғанбай жайлы жазған.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚЫСЫМ

Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымының дерегінше, 2017-21 жылдар аралығында Шыңжаңда 540 мыңнан астам адам сотталған.

БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде Қытай үкіметі Шыңжаңда бір миллиондай ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және басқа да мұсылман адамдарды «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» жапқанын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Шыңжаңда аз ұлттардың құқығын аяқ асты ететін саясат жүріп жатыр деп Қытай билігін сынаған. Ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, оны «экстремизммен күрес», ал ұсталғандар қамалған лагерьлерді «кәсіпке баулитын орталық» деп атаған.

Серіктес жаңалықтары