Қарызсыз, ертеңгі күнге алаңдамай, әр тиынды үнемдеуді ойламай өмір сүру үшін қанша табыс табу қажет? Ulysmedia.kz тілшісі астаналықтардан "бақытқа жеткізер жалақы" мөлшері, артық ақша болса, әуелі қайда жұмсайтыны және олардың ең негізгі шығындары туралы сұрап білді.
“Қарыз үшін уайымдағым келмейді”
Әуеліде тұрғындар орындалмас армандарын айтады деп ойлағанбыз. Алайда көпшілігі алдымен қарызы мен несиесін жауып, тыныш өмір сүргісі келетінін айтты.
Мысалы, асығып бара жатқан курьер бірер минутын бөліп, өз жағдайын баяндады:
– Маған көп ақша керек, өйткені отбасымызда қарыз да, несие де көп, баспанамыз жоқ. Үйде өзім ғана жұмыс істеймін, анамның аяғы ауырады, жұмыс істей алмайды, інім мектепте оқиды. Бар қарызды тезірек жауып, отбасыммен тыныш өмір сүргім келеді. Ақша үшін уайымдағым келмейді.
Тағы бір жас жігіт “мақсаты ата-анасына көмектесу” екенін айтты:
– Ақша – арманды да, ата-ананың тілегін де орындауға мүмкіндік беретін үлкен күш. Басты мақсатым – ата-анамды, бауырларымды толық қамтамасыз еткім келеді. Ол үшін табыс керек. Арманымдағы жалақы – 1,5 млн теңге. Жалпы, қазақстандықтар кем дегенде 800 мың теңге табуға тиіс деп ойлаймын. Әсіресе, отбасы бар болса, оны асырау қажет.
Ең өзекті мәселе — баспана
Астаналық әйелдің айтуынша, пәтер бағасы өсіп жатыр, ал жалақы оған ілесе алмайды. Соның кесірінен көпшілік қанша үнемдесе де, қажетті соманы жинай алмайды:
– Әр қазаққа ең әуелі өз баспанасы керек. 90% адам осы мақсат үшін жұмыс істейді, бірақ жиналған ақша жетпейді. Әуелі үй, сосын ғана арман. Егер байып кетсем, өзіме де, балаларға да 10-20 жылға жетердей баспана алып қояр едім. Содан кейін ғана көптен жоспарлаған істеріме кірісер едім.
“Миллион болса жеткілікті”
Басқа бір респондент ақшаны тиімді жұмсау керек деп есептейді:
– Маған айына шамамен миллион теңге жалақы жетер еді. Оны саяхатқа емес, инвестицияға — акция, облигация, жылжымайтын мүлікке салар едім. Әуелі көбейтіп, содан кейін жұмсау керек. Астанада кемінде 400 мың теңге табыс табуың қажет, ал өзге қалаларда сәл төмен болса да болады. Өзім Теміртауданмын.
“Зейнет жасындағылар үшін саяхаттың жөні бөлек” дейді екі астаналық әйел:
– Біз үшін миллион теңге жеткілікті. Балаларға жақсы білім бердік, өмірін қамтамасыз еттік. Енді өзіміз саяхаттағымыз келеді.
“Арманым – ата-анамды Меккеге апару”
Ал саябақта демалып отырған әйел қазір жақсы өмір сүру үшін айына 500 мың теңге жалақы жеткілікті деп есептейді:
– Көпшілікте несие, ипотека барын ескерсек, сондай-ақ тамақ, саяхатқа да ақша керек. 500 мың теңге болса, жетер еді. Егер байып кетсем, ең әуелі мұқтаж жандарға, мысалы, көпбалалы отбасыларға көмектесер едім. Екінші арманым – ата-анам аман-сау тұрғанда оларды Меккеге апару. Қалғанын немере-шөберелермен саяхатқа жұмсар едім.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Бұған дейін маусым айының соңында бұл көрсеткішті 2026 жылдан бастап арттыру мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі болды.