Польшада Қазақстанның әскери атташесінің көмекшісі ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
ҚазАқпарат тараған ақпаратқа қарағанда, Польшада Қазақстанның Украинадағы елшілігінің әскери атташесінің көмекшісі ұсталған. Польша арнайы қызмет оны «тыңшылық жасау» күдігі бойынша ұстаған. Бір қызығы, ҚазАқпаратта жарияланған бұл ақпарат көп ұзамай өшірілді.
Қазақстанның ресми органдары оқиғаға байланысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Контекст
Бұған дейін, 30 шілдеде Польша билігі Быдгощ қаласында Орталық Азия елдерінің бірінің сыртқы барлау қызметінің офицері ұсталып, үш айға қамауға алынғаны туралы хабарлаған. Бірақ нақты қай елдің азаматы екені туралы айтылмаған.
«Ол шетелдік барлау қызметінің операцияларына қатысы бар деп айыпталып отыр.Тергеушілердің мәліметінше, 15 наурызбен 30 шілде аралығында Быдгощ пен Варшава қалаларында бұл адам шетелдік әскери барлау органының штаттық офицері ретінде жұмыс істеген. Ол Еуропадағы бір елдің дипломатиялық мәртебесін жамылып, Польша ұлттық қауіпсіздігіне және одақтас әскери құрылымдарға қарсы бағытталған тыңшылық әрекеттер жүргізген болуы мүмкін», – деп мәлімдеген Польшанің ішкі қауіпсіздік агенттігі сол уақытта.
Осы ақпараттан кейін Польша премьер-министрі Дональд Туск «ел қауіпсіздігіне қауіп төндірген кез келген адам ерте ме, кеш пе ұсталады» деп мәлімдеген.