Алаяқтарға алданып, пәтерінен айырылып қала жаздаған профессор Кәкен Қамзин қажетті 32 миллион теңге толықтай жиналғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Оның сөзінше, бір жарым ай бұрын алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылып қала жаздағаннан кейін 5 шілдеден бастап елден қаржылай көмек сұрауға мәжбүр болған. Осы уақыт ішінде халықтың қолдауымен 9,5 миллион теңге жиналған. Қалған 23 миллион теңгені атын атамауды сұраған адам қолма-қол жеткізіп, толық соманы жабуға көмектескен.
«Аллаға мың да бір шүкір, бүгін сол «жылу» жинауды ресми түрде тоқтататынымды қуана хабарлаймын. Осылайша, жиналған қаражат 9 529 836 теңгеге жетті. Ал енді ең күтпеген әрі жүректі елжіреткен сәт, бүгін бір қайырымды азамат (аты-жөнін айтпауды сұрады) жетпей тұрған үлкен соманың барлығын (23 млн теңге) қолма-қол әкеліп берді. Бұл тек қаржылай көмек қана емес, бұл - сенімнің, бірліктің, мейірімнің нағыз көрінісі. Ол азаматқа Алла разы болсын! Отбасына, өзіне тек жақсылық тілеймін! Ризашылығымды білдіремін!», – деп жазды Кәкен Қамзин Facebook парағында.
Контекст
ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессоры Кәкен Қамзиннің алаяқтарға алданғаны туралы өткен айдың басында белгілі болған. Сол уақытта бірқатар журналист жазба жариялап, қаржы жинаған.