Депутат Ерлан Саиров Ауғанстаннан Пәкістанға қоныс аударуға мәжбүр болған 300 этникалық қазаққа көмектесуді сұрап, үкімет пен сыртқы істер министрлігіне қайырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Мән-жай
Депутат Facebook желісінде жариялаған видео үндеуінде Ауғанстаннан Пәкістанға босып баруға мәжбүр болған этникалық қазақтармен сөйлескенін айтады. Оның сөзінше, сол жақтағы Хамит Жорабай есімді адам көмек сұраған.
«Пәкістан мемлекеті Карачи қаласынан Хамит Жорабай деген қазақ бауырымыз хабарласты. Оның айтуы бойынша осыдан екі жыл бұрын 40 жанұя, 300 қазақ Ауғанстаннан Пәкістанға босып барған. Енді Пәкістанға келген кезде осы 300 қазаққа Пәкістанның Қазақстандағы елшісі келіп, көмектесуге уәде берген», – деді ол видеода.
Ерлан Саировтың сөзінше, 30 тамызда Пәкістан билігі осы 300 адамды қайтадан Ауғанстанға депортациялайтынын мәлімдеген. Депутатқа Қазақстан сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін, бірақ көмектесе алмайтынын айтқан.
«Қолында «қазақ» деген справка жоқ дейді. Енді «бұл мәселені қалай шешу керек?» десем, «қайтадан Ауғанстанға барып, сол жақтан «қазақ» деген справка алуы керек» дейді. Ауғанстанға барса олардың жағдайлары өте қиын болады. Хамит бауырымыздың өзі айтып отыр. Сондықтан мен Қазақстан үкіметінің басшысы Бектенов мырзаға, сыртқы істер министрі Нұртілеу мырзаға үндеу жариялаймын. Мынау қан, су емес. Сондықтан исі қазақты құтқаруымыз керек», – деді Ерлан Саиров.