15 тамызда Анкориджде (Аляска) Ресей басшысы Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың саммиті өтті. Келіссөздер шамамен үш сағатқа созылып, ешқандай құжатқа қол қойылмады. Дегенмен тараптар бірқатар даулы әрі маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМП НЕ ДЕДІ?
Өнімді, бірақ келісімсіз. Трамп келіссөздерді “аса өнімді” өтті деп, оған “оннан он” деген баға берді. Алайда Ресей президентімен ешқандай келісім жасалмағанын айтты.
Бейбітшілікке мүмкіндік. Трамп Путин де соғысты аяқтағысы келетінін жеткізді:
– Саған көп рақмет, Владимир. Путин бұл қақтығысты мен сияқты аяқтағысы келеді. Путинмен жуықта тағы жүздесемін деп ойлаймын, – деді ол.
Сонымен қатар Трамп кездесуден кейін қай тұста келісім, қай тұста келіспеушілік болғанын ашып айтудан бас тартты.
ПУТИН НЕ ДЕДІ?
РФ пен АҚШ арасындағы қатынас. Путин кейінгі төрт жылдан астам уақыт бойы жоғары деңгейде ресейлік-америкалық саммит өтпегенін еске салды:
– Төрт жылдан астам уақыт бойы саммиттер өткен жоқ... қатынастар Қырғи-қабақ соғысы кезінен бергі ең төмен деңгейге дейін құлдырады... Қарсы тұрудан диалогқа көшетін уақыт келді, бұл кездесудің уақыты жеткен еді, – деді ол.
Түсіністік бар. Путин келіссөздердің нәтижесінде белгілі бір “түсіністікке” қол жеткізілгенін, алайда нақты келісімдер жарияланбағанын атап өтті. Сондай-ақ ол Еуропа елдерін “прогреске кедергі жасамауға” шақырды.
Бастамаларға баға. Путин Трампқа ризашылығын білдіріп, олардың диалогы “болашақ қадамдарға жол ашқанын” айтты:
– Мен Байденді “ауыр зардаптарға” жеткізбеуге көндіруге тырыстым және бұл – үлкен қателік екенін ашық айттым. Трамп мырза “2022 жылы президент боп тұрғанымда, Украинадағы соғыс болмас еді” дейді. Мен мұны растаймын, – деді ол.
САММИТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Украинадағы соғысты тоқтату бойынша нақты шешімдер қабылданған жоқ. Соған қарамастан, саммит АҚШ пен Ресей арасындағы біртіндеп жақындасуға қадам болды. Жаңа кездесу өткізу мүмкіндігі талқыланып жатыр, ол Мәскеуде өтуі мүмкін.