Алматыда өткен Дженнифер Лопестің концертіне 27 мың көрермен жиналған. Оның шамамен 7 мыңы ТМД елдерінен бастап АҚШ, Канада, Түркия, Жапония, Қытай, Германия, Ұлыбритания, Франция секілді 35 мемлекеттен арнайы келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
БИЛЕТ БАҒАСЫ
Билет бағасы 40 мыңнан 180 мың теңгеге дейін жеткен. Ұйымдастырушылардың алдын ала жасаған есебі бойынша бұл іс-шарадан бюджетке түсетін салық көлемі 600 млн теңге шамасында болмақ.
– Up All Night туры аясында алты апта бойы әлем елдерінде Дженнифер Лопестің концерттерінде бас режиссер болған Кристиан Ламб пен Алматы, Астана және Ташкент қалаларында артистпен бірге жұмыс істеген техникалық директор Григорий Антропов Алматыдағы сахнаның, шоу өткен алаңның дайындығын барлық алаңдардың ішіндегі ең үздігі деп атап, ұйымдастырушылар еңбегін жоғары бағалады, – деп мәлімдеді First Media Group өкілі.
АЛМАТЫДА ШЕТЕЛДІК ҚОНАҚТАР ҚАНША АҚША ЖҰМСАДЫ?
Mastercard төлем жүйесінің дерегіне сүйенсек, шетелдік туристер Алматыда орта есеппен үш жарым күн аялдап, тәулігіне шамамен 440 долларды қонақүй, тамақ, көлік, экскурсия және саудаға жұмсайды. Концерт күндері тек шетелдік қонақтар қалаға шамамен 5 миллиард теңгеден астам табыс әкелді.
Бұл уақытта мейрамханалар, кофеханалар, қонақүйлер мен түрлі көлік компаниялары да қосымша пайда тапты. Тағы бір мысал, концерт өткен күні стадион аумағындағы фуд-корт 15 миллион теңге табыс тапқан.
Туризм басқармасының пайымдауынша, көрермендердің шығыны мен жанама кірістерді қоса есептегенде, концерттен қалаға түскен табыс айналымы 10 миллиард теңгеден асады.
КОНЦЕРТ ТУРАЛЫ
Еске салайық, Дженнифер Лопес 2025 жылғы Up All Night: Live атты әлемдік туры аясында Қазақстанның екі қаласында: 1 тамызда Астанадағы “Астана Аренада” және 10 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда концерт өткізді. Екі шоу да шамамен екі сағатқа созылып, трибуналарды лық толтырды.