Семейде ер адам орталық көшеде қыздарға тиіскен. Полиция оның кім екенін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz mysemey сайтына сілтеме жасап.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс ер адам өзін әдепсіз ұстаған.
– Агенттік маңындағы тротуармен келе жатқанмын, қарсы беттен осы ер адам шықты. Қасынан өте бергенде ол интим жеріме қолымен тигісі келді. Мен жалтарып үлгердім, ал ол болса төменге қарап: “ну что за …” деп сөйледі, – дейді қала тұрғыны.
Осыдан кейін ер адам тағы бірнеше қызға жақындап, егде жастағы әйелдерді ашық түрде тесіле қараған. Бұл әрекеті жүргіншілерге қорқыныш пен жиіркеніш тудырған.
Бұл оқиғаға қатысты Абай облыстық полиция департаменті түсінік берді.
– 54 жастағы семейлік тұрғын анықталып, Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды. Аталған азамат әкімшілік жауапкершілікке үш бап бойынша тартылды: ұсақ бұзақылық, алкогольді ішімдік ішу не қоғамдық орында мас күйінде жүру, сондай-ақ қоғамдық орындарда тиісу, – делінген хабарламада.
Енді ер адамға әкімшілік баптар бойынша іс жүргізіледі. Оның әрекеті ұсақ бұзақылық және тиісу деп бағаланған.