АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қосымша санкциялар салу қаупін тағы да ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Оның айтуынша, Украинадағы соғысты реттеу мәселесінде екі апта ішінде ілгерілеушілік болмаса, АҚШ қосымша санкциялар енгізеді.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Қандай шара қабылдайтынымызды шешемін. Бұл өте маңызды таңдау: не біз ірі санкциялар енгіземіз, не үлкен тарифтер қоямыз, мүмкін екеуін де қолданамыз. Әлде мүлдем араласпай, “Бұл – сіздердің соғыстарыңыз” деп айтуымыз мүмкін, – деді Трамп.
Сондай-ақ ол Украинадағы америкалық зауытқа Ресей жасаған соққыға наразылығын білдірді. Бұл шабуыл салдарынан өрт шығып, кәсіпорын қызметкерлері зардап шеккен.
– Бұл маған ұнамайды, шынын айтқанда, осы соғысқа қатысты ештеңе көңілден шықпайды, – деді Трамп Ақ үйде журналистерге.
Осы уақытта Украина президенті Владимир Зеленский Ресей оның Путинмен кездесуін болдырмау үшін барын салып жатыр деген пікірін білдірді.
РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров “Россия-24” телеарнасына берген сұхбатында Ресей тарапының кездесу дайындап жатқанын растай алмады. Ол Мәскеу дипломатиялық форматтардан бас тартпайтынын айтты, алайда жоғары деңгейдегі байланыстарды дайындауда “мейлінше мұқияттылық” қажет екенін атап өтті.