Белгілі журналист, "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісінің, "Құрмет" орденінің иегері Айгүл Аханбайқызы дүниеден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Айгүл Аханбайқызының өмірден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
- Өмірден озғанына қарамастан, Айгүл Аханбайқызының жарқын бейнесі, қаламгерлік қолтаңбасы әріптестерінің, оқырмандарының және барша қазақ журналистикасы қауымының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын, - делінген хабарламада.
Айгүл Аханбайқызы өз өмірін ұлттық журналистиканы дамытуға арнады. Ақпарат кеңістігінде айқын із қалдырған қаламгер студенттік шағынан бастап-ақ баспасөз саласында еңбек етіп, республикалық жетекші басылымдарда қалам тербеді.
"Жас Алаш", "Қазақ әдебиеті", "Айқын", "Халық сөзі", "Егемен Қазақстан" секілді газеттерде жауапты қызметтер атқарып, өзінің кәсібилігімен, ұлт руханиятына жанашырлығымен ерекшеленді.