Маңғыстау – Ақтөбе бағытында жүретін жолаушылар пойызының жолсеріктері президент Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Otpan Logistic компаниясына тиесілі №109 және №110 пойыздарының жолсеріктері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, “ҚТЖ” АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке және облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайға еңбек жағдайына қатысты шағымданды.
Олардың айтуынша, әуеліде жасалған келісімшарт бәріне қолайлы болған, алайда кейін жұмысшылар әлеуметтік жеңілдіктердің бір бөлігінен айырылған: әлеуметтік пакет қысқартылып, пансионаттар мен тоқсан сайынғы төлемдер алынып тасталды.
– Бізді 2019 жылы 16 қазанда акционерлік қоғамнан тендер арқылы келісімшартпен Almaty Logistic ЖШС-не өткізді. 2020 жылы 31 желтоқсанда мекеменің атын Otpan Logistic деп өзгертті, №109, 110 Маңғыстау – Ақтөбе пойызы болдық. Осы алты жылда аталған жекеменшік мекеменің басшылығы берген уәдесінен тайып, қолымызға берген келісімшартта еңбекақымен төленеді делінген, бірақ разрядпен жалақы алып келдік. Тоқсан сайынғы төлемдер, санатория дегендер мүлдем төленбейді, тіпті кәсіподақ жоқ болып шықты. Тиісті орындарға шағымдандық, бірақ жарытып жауап алмадық. 2025 жылы 24 ақпанда қазіргі бас директорымыз Сыздықова Салтанаттың бұйрығымен тоқсан сайынғы төлем төленетін болды, бірақ мекеме артық сағат жұмыс істетпейді. Биыл шілде айында Сыздықова Салтанат әр бригада жиналыс өткізіп, ҚТЖ-мен соттасып, жеңілгенін алға тартып, осы жылы 31 қазанда Otpan Logistic мекемесі жабылатынын хабарлады. Сондай-ақ қыркүйек айында қайтадан тендер болатынын, қандай тасымалдаушы алатынын бейхабар екенін мәлімдеді. Біздің қояр талабымыз: қазіргі таңда №109, 110 Маңғыстау – Ақтөбе пойызды “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” кетейін деп тұр. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарамауларыңызды сұраймыз, – деді жолсеріктер.
Otpan Logistic компаниясы бұған қатысты әлі ресми түсінік бермеген.
Ulysmedia.kz тілшісі бұл жағдайға қатысты “Қазақстан темір жолы” АҚ баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.