Қазақстандық адвокат Мұрат Адам Алматы әуежайында Санжар Боқаевты ұстау ісінде көптеген қайшылықтар бар екенін айтып, халықаралық тексеруді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресми жауаптардағы сәйкессіздіктер
2025 жылдың 14 маусымында қоғам қайраткері Санжар Боқаевты Алматы әуежайында ұстауға әрекет жасалды: бейнебақылау жүйесі оны іздеуде жүрген қылмыскер деп таныған. Кейінірек ол босатылып, «техникалық қателік» болғаны айтылды. Алайда адвокат Мұрат Адам қайшылықтарға назар аударды.
Мәселен, 7 тамызда берілген жауабында Көліктегі полиция департаменті «автоматты режим» мен «сыртқы ұқсастықты» алға тартқан, бірақ бағыттама көшірмесін беруден бас тартты. Ал Құқықтық статистика комитеті 27 маусымда-ақ Боқаевқа қатысты экстремизмге қарсы іс жүргізілмегенін хабарлаған.
- Егер ол базаға тіркелмеген болса, демек, ұстау заңсыз болған. Неге ешкім жауапқа тартылмады және кешірім сұрамады?, – деді адвокат.
Базадағы күмәнді өзгерістер
Заңгердің айтуынша, ұстау сәтіндегі видеода полицейлердің қолында Боқаевтың суреті бар жазба болған, онда «Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті» деген белгі тұр. Бірақ ресми құжаттарда бұл дерек мүлде расталмаған.
- Сонда база жаңартылған кезде іздеудегі адамдар жайлы мәліметтер жоғалып кете бере ме?, – деп сұрады Мұрат Адам.
Сонымен қатар ол 18 тамыздағы ҚПСУ жауабындағы тұжырымға ерекше тоқталды: комитет белсенділер мен құқық қорғаушыларға қатысты арнайы есеп жүргізбейтінін айтқан.
- Бұл олардың мүлдем жоқ дегенін білдірмейді. ІІМ мен экстремизмге қарсы департамент өздерінің ішкі базаларын жүргізуі мүмкін, – деп түсіндірді адвокат.
Халықаралық реакция
Мұрат Адам «техникалық қателік» нұсқасына күмән келтірді. Оның айтуынша, жиналған барлық құжаттар халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жолданған.