Ақтауда өткен дәстүрлі Тамыз конференциясына 700-ге жуық педагог жиналды. Форумда ұстаздардың жаңа буынын қалыптастыру, кәсіпкерлік пен инновацияны дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Форум жұмысына 20-дан астам отандық және шетелдік сарапшылар, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау, сондай-ақ Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры әрі «Talimger» жобасының жетекшісі Айгүл Ахметова қатысты.
Айгүл Ахметова өз баяндамасында ұстаздардың қоғамдағы рөліне тоқталып, тәлімгерлік пен кәсіпкерлік білімнің маңызын атап өтті:
- Біздің қор ұстаздарға арнап жасап отырған бастамалары – жай ғана әлеуметтік көмек емес, болашаққа бағытталған стратегиялық инвестиция. Егер ұстаз кәсіпкерлік құзыреттілікті меңгерсе, оны шәкіртке үлгі етсе – кәсіпкерлік сана бүкіл елге тарайды.
Фактілер мен нәтижелер
Talimger жобасы Тимур Құлыбаев қорының өңірді дамытуға арналған бағдарламасының бір бөлігі. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған сөздерін қолдауға да бағытталған. Атап айтсақ, «Кәсіпкерлік негіздері мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін оқытылуы тиіс» деген тапсырмасымен үндеседі.
Айгүл Ахметова Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болу үшін – оқу керек, бай болу үшін – кәсіп керек, күшті болу үшін – бірлік керек» деген өсиетін еске салып, тәлімгерлікті «білімнен бизнеске, идеядан инновацияға бастайтын алтын көпір» деп атады.
Talimger жобасы аясында ауылдық жерлерде жазғы лагерьлер өткізіліп, оқушыларға кәсіпкерлік пен инновациялық ойлау насихатталды. Сонымен қатар, Bolashak.ME платформасы Kundelik.kz жүйесіне енгізіліп, оқушыларға қолжетімді болды.