Астана қалалық сотында мәдениет және спорт министрінің бұрынғы орынбасары Ерлан Қожағапанов пен продюсер Ляззат Көкқозоваға қатысты істің апелляциялық шағымдары қаралды. Сот шешімін бүгін, 3 қыркүйекте жариялайды. Бұл іс айыптау мен қорғау арасындағы тартыстың символына айналды: прокуратура жаза қатаңдатылуын талап етсе, адвокаттар көптеген заңбұзушылықты алға тартып отыр. Ulysmedia.kz бұл даулы процестің хроникасын жүргізді.
«Ақтауға негіз жоқ»
Апелляция сатысында прокурор Ақтөре Беріков қорғау тарапынікі деп отырған уәждердің дәйексіз екенін айтты.
- Қылмыстық істі қозғауды заңсыз деп тануға және істі тоқтатуға негіз жоқ. Қорғау тарабының уәждері объективті түрде расталған жоқ, – деп санайды прокурор.
Мемлекеттік айыптаушы Қожағапановқа қатысты жазаны қатаңдатуды талап етті, мерзімді жеті жылға дейін ұзартуды және мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салуды сұрады. Ал Көккөзоваға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдыруды ұсынды. Сонымен қатар, прокурор айыпталушылардан 1,9 млрд теңгені бірлесіп өндіруді және экс-шенеуніктің мүлкіне қойылған тыйымды сақтауды талап етті.
Қорғау тараптың уәждері
Көккөзованың мүддесін қорғаған адвокат Макиш Ескараев сотта форумды дайындау жұмыстары толық орындалғанын, смета тапсырыс берушімен келісілгенін және залал келтірілгені құжат жүзінде дәлелденбегенін айтты. Ол толық ақтауды талап етті.
Ерлан Қожағапановтың адвокаты Нұрлан Бейсекев Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында заң бұзушылықтар қылмыстық істі тіркеу кезеңінде басталғанын айтты. Оның сөзінше, деректер ақпарат есебінің кітабына процессуалдық тәртіп бұзылып енгізілген, ал аудиттік тексеру іс қозғалғанға дейін жүргізілген. Бұл – заңға қайшы.
- Айыпталушылар арасында сыбайластық белгілері жоқ, олардың әрекеттері өзара тоғыспайды. Бұл әрбір айыпталушының ісін жеке қарау құқығын бұзады әрі алдын ала көзқарастың күшеюіне әкеледі, – деді адвокат Бейсекев.
Сонымен қатар, қорғау тарабы құжаттарды тәркілеу кезінде процессуалдық нормалардың сақталмағанына назар аударды: материалдардың бір бөлігі сот санкциясынсыз алынған.
- Тергеу дәлелдердің жол берілетіндігі қағидасын бұзды, заңсыз жолмен алынған деректер үкім шығару кезінде пайдаланылмауы тиіс, – деп атап өтті адвокат.
Форумнан үкімге дейін
Бұл істің тарихы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы дайындала бастаған кез – 2018 жылдан бастау алады. Көкқозова басқаратын Success K агенттігі ұйымдастырумен айналысқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, смета 2,9 млрд теңгеге артық көрсетіліп, мемлекетке шығын келтірілген. 9 мамырда Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты Қожағапановты қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Ал Көккөзова аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген айыппен бес жылға сотталды.
Қоғамдық резонанс
Бұл іс қылмыстық процестен шығып, қоғамда үлкен талқы тудырды. Қазақстанның мәдениет қайраткерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, Көккөзованы кәсіби әрі адал адам ретінде сипаттады. Апелляцияға омбудсмен Қанат Нұров та қосылды.
Енді негізгі сауал кеңінен қойылып отыр: нақты заңбұзушылық үшін жаза мен процессуалдық кемшіліктерге жол берген жүйенің арасындағы шекара қайда? Апелляция шешімі 3 қыркүйекте жарияланады. Егер сот прокуратураның ұстанымын қолдаса, бұл мемлекеттік шығындар ісінде қатаңдықтың жаңа белгісіне айналмақ. Ал қорғау тарапының уәждері ескерілсе, процессуалдық бұзушылықтар алғаш рет айыптаудың өз құрылымын күмәнге салатын прецедентке айналуы мүмкін. Алайда сот тәжірибесі көрсеткендей, Қазақстанда ақтау үкімдері – өте сирек құбылыс.