Депутат Абзал Құспан Қазақстандағы келісілген футбол матчтарын тергеуді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Депутаттың сөзінше, халықаралық “Sportradar” деректеріне сәйкес 2022 жылы Қазақстан әлем бойынша келісілген матч саны бойынша төртінші орынға шыққан.
- Бұл Қазақстандағы футболдағы әділетсіз ойындардың кең таралғанын және ресми түрде мойындалғанын көрсетеді. Бұл жағдай қоғамда спорт саласында кәсіби өкілдері мен заң шығарушы билік тарапынан алаңдаушылық тудыруда. Қазіргі таңда Қазақстанның футбол федерациясының президенті Марат Омаров мәселенің барын ашық мойындағанымен, оны жүйелі шешуге қатысты нақты шаралар қабылданбаған. Қоғамдық ұйымдар мен БАҚ букмекерлік кеңселердің көптеген матчтары желіден алынып тасталғанын тіркеп отыр, – дейді депутат.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Алайда мұндай фактілер тергеусіз қалып келеді.
- Халықаралық тәжірибеде бұл құбылыстың салдарын айқын көрсетеді. Мысалы Германияда 2005 жылы төреші келісілген матчтар үшін екі жыл бес айға сотталды. Оңтүстік Кореяда 2011 жылы 57 ойыншы айыпталып, олардың басым бөлігі жазаға тартылды. Италияда 2015 жылы клуб президенті және ондаған адам сотқа тартылып, клуб еурокубоктардан шеттетілді, - дейді Құспан.
ТЕРГЕУ
Депутаттың сөзінше, жалпы мұндай фактілер халықаралық құқық тәжірибесінде аз емес. Себебі ол тек мемлекет пен жанкүйерлерді алдау ғана емес, осы матчтарға бәс тігетін мыңдаған азаматтарға қарсы жасалатын қаржылық алаяқтық түрі.
- Футбол жалпы спорт саласымен ғана шектелмейді. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының назары көбіне мемлекеттік органдардағы заңбұзушылықтарға ғана аударылып отыр. Алайда квазимемлекеттік секторларда, коммерциялық және мемлекеттік емес құрылымдарда көлемі миллиондаған, миллиардтаған теңгеге жететін қаржылық махинациялар жүйелі түрде болып жатыр. Бұл саладағы бақылаудың әлсіздігі азаматтардың сенімін жоғалтып қана қоймай, ел экономикасының тұрақтылығына да қауіп төндіріп жатыр, – дейді депутат.
Осыған байланысты Абзал Құспан құқық қорғау органдарын тарта отырып Қазақстан футболындағы келісілген матчтар фактілерін тергеуді ұйымдастыруды сұрады.